Kyzylorda-news.kz. 14 наурыз күні сағат 12:00-де полиция кезекші бөлімшесіне Қызылорда облысы Арал қаласының тұрғынынан үй жанында белгісіз ит оның 7 жастағы ұлын қауып, тістеп алғандығы туралы хабарлама келіп түседі.

Хабарлама бойынша оқиға орнына күндізгі наряд қызметкерлері, учаскелік полиция инспекторының көмекшісі, полиция аға лейтенанты Алтынтас Нұрпейісов және полиция аға сержанты Нұркен Ермағанбетов келеді.

Оқиға орнына келген кезде полиция қызметкерлері үйдің қасында аузы қан қабаған «Алабай» тұқымды ит адамдарға шабуыл жасап, жарақат алған жасөспірімді ауруханаға жеткізу үшін шақырылған «Жедел жәрдем» қызметкерлері үйден шыға алмай тұрғандықтарын көреді.

«Босап жүрген ит көше бойында өтіп бара жатқан адамдарға, балаларға қауіп төндіргендіктен учаскелік полиция инспекторының көмекшісі, аға лейтенант А. Нұрпейісов қабаған итті адам жүрмейтін жерге апарды. Ал оның әріптесі, аға сержант Н. Ермағанбетов азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында итке қарсы табельдік қаруды қолдануға мәжбүр болды. Нәтижесінде, итті атып тастады», – деп хабарлады Қызылорда облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Жарақат алаған бала шұғыл аурухананың травмотология бөліміне жеткізілген. Бүгінгі таңда оның денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ит иесін анықтау үшін тексеру шаралары жүргізілуде. Сараптама тағайындалған.

Сонымен қатар, табельдік қаруды қолдану фактісі бойынша жүргізілген тексеру қорытындысы полиция қызметкері азаматтардың өміріне немесе денсаулығына тікелей қауіп төндіретін жануарды залалсыздандыру үшін заң шеңберінде әрекет еткенін көрсетті.

Тағы да оқыңыз: