Қызылорда облысының тұрғыны конго-қырым қанды безгегіне шалдыққан – Kyzylorda News
Басты бет

Қызылорда облысының тұрғыны конго-қырым қанды безгегіне шалдыққан

23.12.2019, 10:40

3025 0

Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында Конго-Қырым қанды безгегіне шалдығу жағдайы тіркелді. Мұндай оқиға бұған дейін қыс мезгілінде орын алған емес, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жаңақорған ауданы Құттықожа ауылы тұрғыны конго-қырым қанды безгеніне шалдықты. Науқастың диагнозы зертханалық жолмен нақтыланды. Қазіргі таңда ол Жаңақорған аудандық орталық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімінде ем қабылдауда. Науқас мал шаруашылығымен айналысады, жалданып мал бағады.

«Жедел хабарлама келіп түскен уақыттан бастап эпидемиологиялық топ құрылды. Ауру ошағында індетке қарсы іс-шаралар кешені толығымен орындалды. Аула, күл-қоқыс тастайтын орын, науқас мал бағатын шаруа қожалығындағы ошақта эпидемиологиялық топ мамандарымен залалсыздандыру жұмыстары толық жүргізілді. Ауылшаруашылығы малдары кенеге қарсы «Креолин-Х» препаратымен залалсыздандырылды. Ошақта мал қора мен ауылшаруашылық малдарынан кенелер анықталған жоқ. Эпидемиологиялық зерттеулер барысында науқаспен қарым-қатынаста 9 адам болғаны анықталды. Олардың барлығы да медициналық бақылауға алынды. Оның ішінде науқаспен тығыз қатынаста болған жұбайы мен қызы ауданаралық аурухананың жұқпалы аурулар бөліміне жатқызылды. Қазіргі таңда профилактикалық толық емін алып, үйіне шығарылды. Науқасқа стандартты алгоритм бойынша ем тағайындалып, жүргізілді. Бүгінгі күні науқастың жағдайы қалыпты», – деп мәлім етті Қызылорда облысының тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.

Әлия Әбдіқайымованың айтуынша, кене шағу жағдайы орын алғанда міндетті түрде тұрғылықты мекен-жайыңыз бойынша медициналық көмекке жүгінуіңіз қажет. Көмекке ерте жүгіну арқылы аурудың асқынуын болдырмауға болады.

Негізінде кенелер наурыз бен қыркүйек аралығында белсенді, ал мамыр-шілде айларында олар күшейе түседі. Алайда кене шағу деректері қыс мезгілінде де кездесіп жатады. Қазіргі таңда Қызылорда облысының оңтүстігіндегі Жаңақорған және Шиелі аудандарында ауа райы жылылығымен ерекшеленіп тұр. Сондықтан кенелер әлі де белсенділігін жойған жоқ.

0

Пікір қалдыру