Kyzylorda-news.kz. «Самара-Шымкент» тасжолында Neoplan NK281 TC автобусы Daf жүк көлігімен соқтығысты.

Оқиға Қызылорда облысының Арал ауданындағы Сазды елді мекені тұсында болды. Жол жүру ережесін бұзған автобус жүргізушісі жылдамдықты арттырып, ара қашықтықты сақтамай, жолай кетіп бара жатқан жүк көлігіне соқтығысқан.

Жолаушылар автобусы Ақтөбе-Шымкент бағытында жүріп бара жатқан. Апат салдарынан екі адам жарақат алып, Арал ауданының орталығындағы ауруханаға жеткізілді. Жолаушылар автобусының басым бөлігі Өзбекстан және Тәжікстан азаматтары. Оларға тиісті көмек көрсетілуде. Жүк көлігінің жүргізушісі дін аман.

Автобуста болған 71 азаматтың 69-ы арнайы жұмылдырылған аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің «Кунг» автокөлігі және 2 автобусымен «Саяхат» жол бойы сервистік қызмет көрсету орталығына жеткізіліп, ыстық тамақпен қамтамасыз етілді.

Ал, оқиғадан зардап шеккен екі азамат дереу аудандық орталық ауруханаға жеткізілді. Қазіргі таңда, жарақаттарына байланысты бір азамат жансақтау бөліміне алынса, бірі травматология бөлімшесіне жатқызылды.

Тағы да оқыңыз: