Kyzylorda-news.kz. Қасиетті Сыр елінің басты ақпарат көздеріне айналған облыстық «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» басылымдарының 90 жылдық мерейтойларына орай ардагерлер арасындағы дойбыдан жарыс басталды.
– Биылғы жыл – Қызылорда облысының руханияты мен баспасөз саласы үшін үлкен айтулы жыл. Өздеріңіз еңбек еткен, терлеріңізді төккен, бүкіл өмірлеріңізді арнаған облыстық «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» газеттері 90 жылдық белесті бағындырып, үлкен мерейтойына арналған шаралар легін бастап кетті. Қос басылымның тойы 28 қараша күні республикалық деңгейде атап өтіледі. Бүгін осы үлкен тойдың алдында өздеріңіздің бастарыңызды қосып, баталарыңызды алсақ деген ниетпен дойбыдан шағын жарыс ұйымдастырып отырмыз. Себебі, араларыңызда осы қос басылымда 40, 50 жыл еңбек етіп, бүкіл өмірін осы газеттерге арнаған азаматтар бар. Олардың орны қашанда биік тұрады. Сіздерге деген құрметіміз шексіз. Баршаңызға бүгінгі ойында сәттілік тілеймін, – деді жарысты ашқан «Сыр медиа» серіктестігінің Бас директоры Аманжол Оңғарбаев.
Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған басылым ардагерлері Қайырбек Мырзахметұлы мен Рысты Бекбергенова өздерінің жүрекжарды игі тілектерін жеткізіп, ақ баталарын берді.
Айта кетейік, ардагерлер арасындағы дойбы жарысына Қайырбек Мырзахметұлы, Айжарық Сәдібекұлы, Әскербек Рахымбеков, Еркін Әбіл, Жұмагүл Оралбаева, Жұматәлі Әбдіраман секілді қос басылымның 6 ардагері қатысуда.
Жарыс соңында жеңіс тұғырынан көрінген жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталмақ.
Облыстық қос басылымның 90 жылдығына арналған дойбыдан ардагерлер арасындағы жарыс басталды (ФОТО)
Фотогалерея
05.11.2019 11:30