Kyzylorda-news.kz Бүгінде автомектеп кез келген қалада, тіпті ауданда бар. Кәсіппен айналысқысы келетіндер осы кәсіп түріне қызығушылық танытуда. Оған басты себеп – көлік айдағысы келетін жастар, оның ішінде қыз-келіншектер қатарының артуы. Бұрын көлік тізгін деген нәзік жанды арасында ғана көзіміз шалса, қазір едәуір көбейген.

Тіпті көлік айдаған 5 адамның  екеуі қыз-келіншектер десек, қателесе қоймаспыз. Автомектепте оқығанның пайдасы көп.  Адамдар автомектепке жазылып, алдымен теориялық білімін жетілдіріп, кейін практикалық тәжірибеден өтеді. "Азамат" автомектебі білім беріп қана қоймай, заңды, ережені, көлікте өзіңді еркін сезініп, басқарып кетуді үйретеді. 10 жыл бұрын ашылған автомектепке бүгінде сұраныс артқан. Бұл мектептің өзгелерден ерекшелігі – қыз инструкторларда бар. Бұл өз кезегінде нәзік жандар үшін қолайлы болып отыр. Бүгінде қыз-келіншектер көлік айдап үйрену үшін Гүлзира мен Назираның қызметіне жүгініп, қызығушылық танытады.

   "Біздің автомектептің ашылғанына 10 жыл. Осы уақыт ішінде мамандардан білім алып, жүргізуші куәлігіне қол жеткізгендер көп. Тағы бір айта кетерлігі, біздің ерекшелік – қыз бала көлік айдауды үйретеді. Облыс бойынша біздің автомектеп қана мұндай қызмет ұсынады. Жігіттердің мысы бәрібір басым болады дейді. Біз білім алушының пікірімен кеңесіп, қарсылық танытпаймыз. Сондай-ақ онлайн және оффлайн қызмет көрсетеміз. Қашықтан білім алып жатқандар жобамен 30 пайызды құрайды. Біз оларға телефон арқылы ережені үйретеміз. Үйге тапсырмалар беріп, ережені толық біліп шығуын қадағалаймыз", – дейді "Азамат" автомектебінің директоры Гүлзира Пайызрахманова.

  "Бабас" бизнес орталығында  орналасқан автомектепте 14 адам жұмыс істейді. Онда барлық санаттар бойынша оқытады. 2014 жылдан бері 20 мыңнан аса адамға білім берген. Көлік әкімшілік полицияның рұқсатымен белгіленіп, сызылған жол бойында жүреді.

  – Көлік айдауды, ережені үйрету бөлек. Көлікке өзі отырып, тізгіндеу бір бөлек. Көбіне адамда қорқыныш болады. Бастысы, сол қорқынышты жеңіп, мақсатына қарай ұмтылу. Біздегі мамандардың 12 жылдық тәжірбиесі бар. Мамандар 5 жыл сайын оқып, білімдерін жетілдіреді. Оларды кәсіби мамандар деп толық айтуға негіз бар. Бүгінге дейін ешкімнен шағым түскен жоқ. Көңілдерінен шығып, ризашылықтарын білдіріп келеді. Бір айта кетерлігі, бүгінде ер адамдар арасында "нәзікжандар көлік тізгіндей алмайды" деген түсінік қалыптасқан. Бірақ, бұл – қате пікір. Әйелдер көлікті сауатты жүргізеді. Заңдылықтарын сақтап, жылдамдықты асырмай, белгілерге назар аударатын да әйелдер", –  дейді Гүлзира инструктор.

647bf83a-d92f-471f-91d2-f7e381a9afbb.jpg

14 адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер айналасына мықты мамандарды тартқан. Олардың қызмет көрсету сапасы, өзіңдік әдіс-тәсілі бар. "Көлікті айдауды қыз үйрете ме?" деп қоңырау шалып сұрайтындар көп. Бірі күйеуінің қызғанғанын алға тарса, енді бірі жігіттердің ашуланғанда дөрекілік танытатынын айтады. Бірақ Нұржігіт, Азамат есімді инструкторлар өз ісінің маманы, әр сөзді жаймен байыппен, оң-солын айтып отырады екен.

690e4e35-4549-44cd-bd1b-c085b4675bb6.jpg

"Көбі инструктор ретінде қыз баласын іздейді. Жігіттер тез ашуланғыш келеді дейді. Ал маған өз жұмысым ұнайды. Көлік үйрететін адам сабырлы, әр шәкіртіне өзінше бөлек тәсіл қолдана білетін ізденімпаз болуы керек деп ойлаймын.  Әйелдерің басым  бөлігі көлік жүргізер алдында автомектепті оқып алады. Әбден оқып, бой үйретіп, ережелермен танысқан соң ғана рөлге отырады. "Әйелдер жол ережесін жиі бұзады" деген пікірмен келіспеймін. Өйткені біз көлік жүргізгенде кітап бойынша жүреміз. Жол ережесін бұзбаймыз», – дейді Назира инструктор.

a42c5d92-0067-41f1-b038-5f8363e634cd.jpg

Мөлдір САБЫРЖАН

Фото: radk61.ru

Тағы да оқыңыз: