Kyzylorda-news.kz. Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов вакциналау пунктерінде Hayat-Vax пен CoronaVac вакциналары неге тапшы екенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Оның айтуынша, Қазақстанға Hayat-Vax пен CoronaVac вакциналары шектеулі көлемде жеткізілді.
“Елге әкелінген бүкіл партия екіге бөлінді: жартысы бірінші компонентке, қалғаны екінші компонентке арналды. Қазір Hayat-Vax бірінші компонентінің 13 мыңға жуық дозасы қалды. Қазақстан бойынша 486 мыңнан аса адам осы вакцинаны алды. Сол себепті екінші компоненттің дозалары медициналық мекемелердің қоймаларында сақталып тұр”, – деді Шоранов брифингте.
Ол қазір біраз қалада осы вакциналар таусылғалы жатқанын айтты.
Сондай-ақ вице-министр Hayat-Vax пен CoronaVac елге тағы әкеліне ме деген сұраққа жауап берді.
“Біз вакциналарды бір мезгілдік келісімшартпен жеткіздік. Қазір келіссөз жүргізіп жатырмыз. Оның шешімі зауыттың өндіріс қуаттылығына және басқа да келісімшарттарға байланысты болады. Біз мерзімін белгілеуге тырысамыз”, – деді министрдің бірінші орынбасары.