Kyzylorda-news.kz. Тіс пен сүйек – беріктігі жоғары, ақ түске боялған адам денесінің тіні. Екеуінің ұқсастығы осы. Ал айырмашылығы қандай? Тіс неге сүйек емес?
Тіс құрамы жағынан сүйекке қарағанда теріге жақынырақ дейді ғалымдар. Түрі ұқсас, құрамы бірдей секілді көрінгенімен – олардың құрамы әртүрлі. Әрқайсына ғана тән өзіндік ерекше қасиеті бар. Мысалы тістің эмалі өте берік, ал сүйектікі әлсіздеу. Дегенмен сүйек сынған соң қайта қалпына келе алады, ал тістің мұндай қабілеті жоқ.
Тіс құрамының басым бөлігін фосфор мен кальций алады. Сыртқы қабығын эмаль қаптаған. Бұл – адам ағзасындағы ең берік тін. Эмальді түзетін жасушылар зақымданған жағдайда қайта қалпына келмейді. Сол үшін де сынған тіс өспейді.
Сүйек коллаген деп аталатын тірі тіннен тұрады. Осының арқасында сүйек иілгіш келеді. Коллагендердің арасындағы бос кеңістікте орналасқан кальций болса сүйекті берік қылады. Сүйектің иілгіштігі қаңқаның өмір бойы түсетін “жүкті” көтере алуына әсер етеді.
Тіс пен сүйек ішіндегі заттарымен де ерекшеленеді. Тістің ішінде көктамыр, күретамыр, жүйке тамырлары бар байланыстырушы тін болса, сүйекте қан жасушасын түзуде маңызды рөл атқаратын жілік майы бар. Бұған қоса сүйекпен көптеген күретамыр байланысқан, сондай-ақ, онда ағзадағы ең үлкен кальций мен фосфор қоры бар. Тістегі байланыстырушы тін – ұлпа тіс пен иектің арасында орналасқан. Эмаль зақымданғанда ұлпадағы жүйке тамырлары қозып, қатты ауырады. Сондай-ақ, эмаль жұқарғанда ыстық не салқын су ішкенде ыңғайсыз сезім тудырады.
Сүйек пен тістің тағы бір-екі айырмашылығы:
– тіс әртүрлі дауыс шығаруға атсалысады, ал сүйек тек сықырлай алады;
– тіс ашық тұрғандықтан адамның эмоциясын білдіріп, эстетикалық функцияны атқарады, ал сүйек терімен қапталып, жасырын тұр.