Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы бойынша жеке және заңды тұлғалар тарапынан карантин талаптарының сақталуы 167 мониторингтік топтардың тұрақты бақылауында. Бүгін Қызылорда облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бастығының орынбасары Әлия Әбдіқайымованың қатысуымен өткен брифингте карантин талаптары жайында сөз қозғалды.
“Карантин талаптарын бұзушылықтардың басым көпшілігі – қоғамдық тамақтану орындары қызметкерлерінің келушілерге қорғаныш құралдарынсыз қызмет көрсетуі, шекті уақыттан асырып жұмыс жасау, үй жағдайында шектен тыс адам жинай отырып, мерекелік іс-шаралардың өткізілуі. Былтыр 805 карантин талаптарын бұзушылық анықталып, ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабына сәйкес айыппұл салынды. Жыл басынан бері барлығы 48 рейд жүрізіліп, 196 нысан қамтылды. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасуда”,- дейді ол.
Айта кетейік, бүгінгі күні облыс бойынша 3982 нысан «Ashyq» жүйесіне енгізілген. Жыл басынан бері 50 тұлға карантинде оқшаулану тәртібін бұзған. Оның ішінде «қызыл» статус – 48, «сары» статус – 2. «Қызыл» статустағы 1 жеке тұлғаға 45 945 теңге көлемінде айыппұл салынса, «сары» статустағы 2 тұлғаға карантин талаптарын сақтау қажеттілігі туралы қаулы берілген.