Қызылорда: «ҚазТрансГаз Аймақ» жылыту маусымына 86 пайыз дайын – Kyzylorda News
Басты бет

Қызылорда: «ҚазТрансГаз Аймақ» жылыту маусымына 86 пайыз дайын

02.09.2021, 16:00

240 1

Kyzylorda-news.kz. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалы құбыр жолдары арқылы газды тасымалдау қызметін көрсетеді және Қызылорда облысы бойынша барлық санаттағы тұтынушыларға газды өткізу қызметін іске асырады. Қазіргі уақытта Қызылорда облысы бойынша газдандырылған абоненттер саны – 120 194 құрайды. Оның ішінде 117 473 тұрғын. 2021-2022 жылдарға арналған жылыту маусымына филиалдың меншігіндегі нысандар бойынша дайындығы 86 пайызды құрайды. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалы директорының бірінші орынбасарының міндетін атқарушы Нұрлан Құрманбаев мәлімдеді.

«Дегенмен, бүгінде облыс бойынша тұтынушылардың дайындығы нашар. Кейбір жеке және заңды тұлғалардың әлі күнге дейін газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсетуге арналған шартқа отырған жоқ. Сондай-ақ, газ тұтыну жүйелеріне және газ жабдығына техникалық қызмет көрсетуге арналған шарт жасаспай, оларды пайдалануға тыйым салынады», – деді Н.Құрманбаев.

Сондай-ақ Нұрлан Құрманбаев қазіргі уақытта облыс бойынша тұтынушылардың пайдаланылған газ үшін қарызы шамамен 1 млрд теңгені құрайтындығын атап өтті. Сонымен қатар, филиал смарт-картамен алдын ала төлеуді жүзеге асыратын электрондық тұрмыстық газ есептегіштерін пайдаланатын тұтынушыларға тегін негізде электрондық көрсеткіштен механикалық көрсеткішке ауысуды ұсынды.

«Электрондық газ есептегіші ұзақ уақыт пайдаланылатындығына және батареяның тозуына байланысты, есептегіш істен шығады, осы ретте газ есептегішінің клапаны іске қосылып, газ беру автоматты түрде тоқтайды. Көбінесе бұл жағдай әр айдың аяқталу күнінде немесе әр айдың 1-күніне ауысу кезеңінде болады. Сондықтан, тұтынушылардың осындай көптеген өтініштері болған кезде, осы саланың мамандары газ беруді қалпына келтіру үшін есептегіштерді электронды түрде механикалыққа ауыстыруға бір уақытта орындауы мүмкін емес. Механикалық есептегішті қолданудың артықшылығы – газ берудің тұрақтылығы, кассаға кезекте тұрудың қажеті жоқ, бұл абонентке үйден шықпай-ақ, Халық және Каспи банктерінің мобильді қосымшалары арқылы тұтынылған газ үшін ақы төлеуге мүмкіндік береді», – деді Н.Құрманбаев.

1

Пікір қалдыру