Kyzylorda-news.kz. Бүгін Нұрлыбек Нәлібаев «Қызылорда тазалығы» серіктестік қызметкерлерімен арнайы кездесіп, жылдар бойы тазалықты сақтауға ерекше күш салып, Сырдың бас шаһары Қызылорданың абыройын асыруда еселі еңбек еткен мекеме жұмысшыларына алғаусыз алғысын айтып, шексіз ризашылығын жеткізді.

«Ортақ үйіміз, сүйікті қаламыз Қызылорданың еліміздегі ең таза шаһардың біріне айналуы жолында сіздердің еңбектеріңіз ерекше, үлестеріңіз зор» – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Сонымен қатар бұрынғы қала әкімі күн-түн демей тыным таппай, уақытпен санаспай, еңбекақысын адалынан алған тазалықшылардың жұмысы көпке үлгі болу керектігін атап өтті. Сондай-ақ сырттан келген қонақтар алдымен қаланың тазалығын айтуы ол қала тазалықшыларының еңбектеріне берілген үлкен баға екенін де айтты.

«Бүгінгідей беделді белесті бағындырып, абырой биігінен көрінуіме де сіздер үлес қостыңыздар. Барлығы үшін алғыс айту мақсатында арнайы ат басын бұрып, алдарыңызға келдім» – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Өз кезегінде тазалықшылар Нұрлыбек Машбекұлының алғаш қала билігіне келген сәтінде мекеменің жұмысын ширатып, тірлігін түлетуге, қордаланған мәселелерін шешуге көп күш салғандығын, қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын реттеуде ауқымды жұмыстар атқарғандығын атап өтіп, жаңа қызметіне табыс тіледі.

Кездесу соңында Нұрлыбек Машбекұлы тазалықшылардың алдағы уақытта да сапалы жұмыс істейтіндіктеріне сенім артатындығын жетікізіп, мекеме қызметкерлеріне сый-құрмет көрсетті.

Тағы да оқыңыз: