Kyzylorda-news.kz. Төтенше жағдай аяқталды. Елдегі блокпосттар алынып тасталды. Бірақ карантиндік ережелер әлі де күшінде.

Өйткені әлемдік медицина мамандары пандемияның оңайлықпен аяқталмайтынын және екінші толқыны келуі мүмкін екенін айтып, дабыл қақты. Расымен, індеттің таралуы әлі тоқтар емес. Дерттен жазылғандар да, науқастан қайтыс болғандар да, ең қиыны вирус жұқтырғандар да күн санап көбеюде. Бұл дүниежүзі үшін өте қиын жағдай.

Медицина мамандарының сөзіне мән берсек, вирус жұқтырғандардың басым бөлігі, денсаулығына мән бермей, сақтанбағандар. Олардың көбісі карантиндік тәртіпті сақтамай, қауіпсіздік шараларын қабылдамағанынан осындай жағдайға душар болуда. Өйткені бұл дерттен аман болудың ең басты жолы – медициналық бетперде кию мен қолдың тазалығы және көпшіліктен оқшаулану. Сайып келгенде ортақ тәртіпке бағыну, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау. Босаңсуға, еркінсуге әлі ерте.

Қиын-қыстау кезеңде бірліктің үлгісін көрсетіп, тәртіпке бағынып, індетке жұмыла қарсы тұру біздің бірлігіміздің қаншалықты екенін көрсетеді. Қанша жанның өмірін қиған індетпен күресу шаралары күшеймесе, босаңсыған емес. Ендеше қазақстандықтар да мамандардың, медицина қызметкерлерінің еңбегін жоққа шығармай, карантиндік ережелерде көрсетілген талаптарды қатаң сақтап, демеу білдіріп, қолдау көрсетуге тиіс. Сын сағатта тас түйін, біртұтас елдің үлгісін көрсету керек. Өйткені бірге көтерген жүк жеңіл болады. Бірлік бар жерде тірлік те бар. Ал ауызбіршілікпен жасалған кез келген істің нәтижесі тек жақсылық болмақ.

Садық Әлиев

аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы

Тағы да оқыңыз: