Kyzylorda-news.kz. ІІ Дүниежүзілік соғыста хабар-ошарсыз кеткен 7 отандасымыздың мәйіті табылды. Олардың аты-жөндері анықталып, елге жеткізілді. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Дандыбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жеңістің 80 жылдық мерейтойы қарсаңында өтіп отырған бүгінгі шара соғыс кезінде ерлікпен қаза тапқандардың рухына көрсетілген құрмет. Сол секілді тарихты жаңғырту мен өскелең ұрпаққа өнеге болары сөзсіз. Соғысқа аттанған әрбір солдат тарихқа еніп, жастарды патриот болуға тәрбилеудің құралы. Сонымен қатар бүгінгі конференция екі ел арасындағы достық қарым-қатынастың белгісі. Тарих соғысы бәрібізге ортақ, ондағы ата-бабалардың ерлігі де ортақ. Ұлы отан соғысы кезінде Қазақстан аумағында 12 ату полкі, 4 кавалериялық дивизия, 7 атқыштар бригадасы, 50-ге жуық полк және арнайы бригада құрылып, соғысқа аттанды», – деді Тимур Дандыбаев.
Тимур Дандыбаевтың дерегінше, соғысқа елімізден 1,5 млн-нан астам адам аттанған.
«Олардың 600 мыңы соғыста мерт болып, 271 мың отандасымыз хабарсыз кетті. Осы орайда соғыс кезінде із-түссіз кеткен жандарды іздеушілердің еңбегі зор. Олар отанды қорғауға аттанғандарға қатысты қандай да бір хабарды табу жолында төр төгіп жатыр. Аталған іске жастар да белсене қатысса деген ниет бар, бұл жас ұрпақты патриоттыққа баулиды. Соғыс кезінде хабар-ошарсыз кеткен отандастырымызды іздеу мен оларға қатысты деректерді табу біздің министрлік қызметінің басты бағыттарының бірі. Ресейдің іздеушілер тобымен бірлескен жұмыстың нәтижесінде биыл 7 қазақстандық әскердің мәйіті табылып, олардың аты-жөндері анықталды. Олар елімізге жеткізіліп, тиісті деңгейде қайта жерленді», – дейді ол.
Айта кетейік, бүгін елордада Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына арналған «Әлемді қорғағандарды есте сақтау, ақиқатты жеткізу» атты халықаралық конференция өтіп жатыр. Шара «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестгі «Ресейдің іздеу қозғалысы» жалпыресейлік қоғамдық қозғалысымен бірлесіп, Президенттік гранттар қорының қолдауымен ұйымдастырылды.