Kyzylorda-news.kz. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Марат Жанзақов Қызылорда «Болашақ» университетінің «Құрылыс, мұнай, логистика, биология» кафедрасының қауымдастырылған профессоры ретінде 2016 жылдан бастап қызмет атқарып келеді.
Ол 1955 жылы Қызылорда облысы, Қазалы ауданының Қазалы қаласында дүниеге келген. 1962-1972 жылдары Қазалы қаласындағы Ғ. Мұратбаев атындағы №17 қазақ орта мектебінде оқыған. 1977 жылы Алматыдағы Еңбек Қызыл Ту орденді Қазақ мемлекеттік ауылшаруашылығы институтының агрономиялық факультетін бітіріп, ғалым-агроном біліктілігін алғаннан кейін 1991 жылдың қарашасына дейін Қызылорда қаласындағы Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институтының селекция бөлімінде лаборант, кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер секілді қызметтер атқарып, Сыр өңірінің экологиясына жақсы бейімделген күріш сорттарының селекциясымен айналысты.
Аталған ғылыми-зерттеу мекемесінде қызмет атқара жүріп, 1980-1984 жылдары Ленинград қаласындағы Н.И. Вавилов атындағы Бүкілодақтық өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасында оқып, «06.01.05 – Селекция мен тұқым шаруашылығы» мамандығы бойынша «Күріш сорттарының гербицидтерге реакциясы» тақырыбындағы кандидаттық диссертацияны қорғады.
Ғалым-селекционер М.М. Жанзақов 1991 жылдың қарашасынан бастап сол кездегі Қызылорда агроөнеркәсіп инженерлері институтына (қазіргі Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті) оқытушылық қызметке ауысты. Ол оқу орнында студенттерге дәріс берумен қатар, жоғары және орта арнайы оқу орындары студенттері мен ауыл шаруашылығы өндірісінің, сондай-ақ ғылыми-зерттеу мекемелерінің жас мамандарына арнап көптеген оқулықтар мен оқу құралдар, әдістемелік құралдар дайындады және де оның тікелей жетекшілігіндегі Қызылорда облысындағы мектептер оқушыларының, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, «Ақмешіт» гуманитарлық-техникалық институты студенттерінің ғылыми жобалары Республикалық және облыстық ғылыми конференцияларда және пәндік олимпиадаларда жүлделі орындарды иемденіп, дипломдармен марапатталды. Атап айтар болсақ, 2004 жылы – №226 гимназияның 11 сынып оқушысы А. Тәжі облыстық және Республикалық «Экология және балалар» ғылыми конференциясында І орын; 2007 жылы – №226 гимназияның 11 сынып оқушысы Б. Нармағанбетов облыстық «Қоршаған орта және адам денсаулығын қорғау» ғылыми жоба жарысында І дәрежелі диплом; 2008 жылы – оқушылардың Алматыда өткен биология пәнінен Республикалық ғылыми жарысында І дәрежелі диплом; №15 гимназияның 11 сынып оқушысы Ж. Жәнібекова биология пәнінен облыстық ғылыми жоба жарысында ІІ орын; 2009 жылы – Ә. Спандиярова Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті студенттерінің «Студент және ғылым: білім, инновация, бәсекеге қабілеттілік» атты ғылыми конференцияда І орын; Ә. Спандиярова, А. Уалиева, А. Демесінова («Агрономия» мамандығы студенттерінен құралған команда) – Ауылшаруашылық және ветеринария мамандықтарының Республикалық пәндік олимпиадасында жоғары білімі мен біліктілігі үшін Құрмет грамоталарымен марапатталды. 2010 жылы – Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Агрономия» мамандығы студенттерінен құралған команда Ауылшаруашылық және ветеринарлық мамандықтар бойынша Республикалық студенттік пәндік олимпиадада II дәрежелі дипломмен; №15 гимназияның 9 сынып оқушысы Г. Камалова Семей қаласында оқушылардың экология бойынша IV Республикалық олимпиадасында І дәрежелі дипломмен марапатталды. 2011 жылы – №15 гимназия оқушысы Г. Камалова Тараз қаласында өткен «Жас ғалым-11» Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда І дәрежелі диплом; Д. Қылышбай Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде өткен «Студенттердің ғылыми-инновациялық шығармашылығы: зерттеулердің тәжірибесі және басым бағыттары» конференциясында ІІ дәрежелі диплом; «Агрономия» мамандығы студенттерінің командасы Республикалық пәндік олимпиадада жүлделі ІІ орынды иеленді; №15 гимназияның оқушысы Ж. Жәнібекова Алматыда өткен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Жаса, Жайна, Қазақстан!» атты оқушылардың зерттеу жобалары фестивалінде ғылыми-жаратылыстану бағытында ІІІ орын иеленді. 2012 жылы Талдықорғанда өткен Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары студенттік ғылыми қоғамдарының «Жаңа әлемдегі жастар және ғылым» Республикалық конференциясында «Ақмешіт» гуманитарлық-техникалық институты студенті Г. Ерболатқызы мен №171 Ғ. Мұратбаев атындағы орта мектеп оқытушысы А.Т. Рүстемованың ғылыми баяндамалары өзектілігімен марапатқа ие болды.
Қызылорда «Болашақ» университетінде де ғылыми жұмыстарын жалғастырып, ауыл шаруашылығы саласындағы жаңа селекциялық әзірлемелер дайындады. Халықаралық «Молодой ученый» журналында жарияланған зерттеулері арқылы кәсіби тұрғыдан дамып, өзге елдердің ғалымдары арасындағы тәжірибелерімен бөлісті.
М.М. Жанзақовтың осы кезге дейін 120-дан аса ғылыми және ғылыми-әдістемелік еңбектері жарық көрсе, оның ауыл шаруашылығының болашақ мамандары – студенттер мен магистранттарға, ғылыми қызметкерлерге арнаған басты еңбектерітөмендегідей:
- Агрономия негіздері (Оқулық, К.А. Мырзабекпен бірлескен авторлықта; Қызылорда-Алматы, Тұмар-Атамұра, 2007. – 496 б.).
- Стандарттау (Оқулық, К.А. Мырзабекпен бірлескен авторлықта; Қызылорда-Алматы, Тұмар-Атамұра, 2007. – 224 б.).
- Өсімдік шаруашылығы (Оқулық, Қызылорда-Алматы, Тұмар-Атамұра, 2007. – 384 б.).
- Егіншілік (Оқулық, Қызылорда-Алматы, Тұмар-Атамұра, 2010. – 400 б.).
- Егістік дақылдар селекциясы (Оқулық, Астана, Фолиант, 2015. – 416 б.).
- Өсімдік шаруашылығы (Оқулық, Б.Қ. Кенбаев және К.А. Мырзабекпен бірлескен авторлықта; Нұр-Сұлтан, Ақмешіт, 2019. – 489 б.).
- Методические рекомендации по сортоиспытанию дыни в условиях Казахстанского Приаралья. Для селекционеров научных учреждений, специалистов сортоучастков, преподавателей, докторантов и магистрантов высших учебных заведений (Б.А. Дуйсембеков, К.Б. Бегалиев, А.М. Токтамысов және т.б., Қызылорда, 2019. – 44 б.).
М.М. Жанзақовтың соңғы 3-жылда (2016-2019 жж.) жарыққа шыққан (28) және баспаға тапсырылған еңбектері (14), оның ішінде «Селекция және тұқым шаруашылығы» (27,5 б.т.), «Агрономия негіздері» (40,3 б.т.), «Егіншілік» (20,5 б.т.) оқулықтары ҚР БҒМ ҚазҰАУ жанындағы Республикалық ОӘК «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» мамандық топтары бойынша ОӘБ ұсынған.
Ғалым-оқытушының қазіргі таңдағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының бағыттары төмендегідей:
– Сыр өңірінің қолайсыз топырақ-климаттық жағдайларына жақсы бейімделген ауыл шаруашылығы дақылдарының сорттарын шығару мен олардың тұқым шаруашылығы жұмыстарын ұйымдастыруды жетілдіру;
– білім беру саласында берілетін арнайы білімнің сапасын арттыру мақсатында ауыл шаруашылығы мамандығы студенттеріне арналған заманауи талаптарға сай келетін, сапалы оқулықтар мен оқу құралдарын шығару.
Марат Мықтыбайұлы 1 қыз бен 1 ұлдың әкесі, 2 немересі бар. Жұбайы – Жанзақова Рая Бөгенбайқызы қалалық жедел жәрдемде дәрігер-педиатор. Қызы – Жанзақова Нұршат тұрмыста, Каспий банкте бөлім басшысы. Ұлы – Мықтыбай Нұртілеу мектеп оқушысы.
Бүгінде Қызылорда «Болашақ» университетінің ғалымы М. Жанзақов мерейлі 65 жасқа толып отыр. Университет ұжымы ғалымды осы мерейтойымен құттықтайды.
Ғалия ӘЛІБЕКОВА,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, доцент, Қызылорда «Болашақ» университетінің «Құрылыс, мұнай, логистика, биология» кафедрасының меңгерушісі, «Болашақ» ҒЗИ жанындағы Агробиотехнологиялық ғылыми-зерттеу лабораториясының жетекшісі