Арал: Қазақтың үш биінің ескерткіші сот ғимаратының алдына қойылды – Kyzylorda News
Басты бет

Арал: Қазақтың үш биінің ескерткіші сот ғимаратының алдына қойылды

04.04.2021, 14:00

296 0

Kyzylorda-news.kz. Тарих бетінде таңбаланған үш ұлы бидің ескерткішінің орталық алаңнан Арал аудандық сот ғимаратының алаңында қайта жаңғыруының маңызы зор.

Осы орайда аралдықтар әйгілі билеріміздің көшін бастаған ұлы тұлғалардың тұғыртасының айналасында бас қосты. Тағылымды шараға аудан әкімі Мұхтар Оразбаев, зиялы қауым өкілдері, аудан ардагерлері, сот саласының қызметкерлері қатысып, заң саласының бүгінгі майталмандарына ізгі тілектерін жеткізді.

«Әділдіктің жаршысы бола білген билеріміздің көшін Төле би, қаз дауысты Қазбек би, Әйтеке билеріміз бастайтыны даусыз.
Олар өмір сүрген кезең – тарихымыздың тәлімі көп, ел үшін үлгі болатын ерекше кезеңі. Олар жаугершіліктің кесірінен ыдыраған халқының есін жиған, әділетті билік шешімдерінен айнымай, келешекке көз салып, үміт отын жағу арқылы көрегендік пен ұйымдастырушылық көрсете білген.
Содан болса керек, үш ұлы би тарихымызға қоғам және саяси қайраткерлер ретінде енген. Олар тек бітімгер судья ғана емес, хандардың кеңесшісі де болды. Біз осы күнге дейін олардың нақыл сөздеріне, өсиеттеріне сүйенеміз.
Жалпы, Тәуелсіздікті қастерлеу тарихтан тағылым ала білуден басталады. Осы орайда біздер бүгін тәуелсіздіктің ақ таңын мұрат еткен, аты аңызға айналған үш биінің қайта жаңғырған тұғыртасының айналасында бас қосып отырмыз»,- деген аудан басшысы ұлы тұлғаларды ұлықтап, кейінгі ұрпаққа насихаттаудың маңызына ерекше тоқталып өтті.

Айта кету керек, аталған шараға Қызылорда облыстық билер кеңесінің төрағасы З.Нұрсейітов, Шиелі аудандық және Байқоңыр қалалық билер кеңесінің төрағалары да арнайы ат басын бұрып, ізгі лебіздерін білдірді.

0

Пікір қалдыру