Kyzylorda-news.kz. Қарулы Күштерде әскерлерді қауырт тексеру басталды, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында, сондай-ақ 2020 жылғы қарашада Қорғаныс министрлігінің алқасында белгіленген тапсырмаларын іске асыру аясында бірқатар өңірлік қолбасшылықтардың әскери бөлімдері, Десанттық-шабуылдау әскерлері, Әскери-теңіз күштері, Әскери-әуе күштері жауынгерлік әзірлікті тексеру мақсатында дабыл бойынша көтерілді.

Әскерлерді елдің өзге аймақтарына жіберуге бұйрық берілді.

Әскери қызметшілер әскери техникамен бірге теміржол эшелондарымен, әскери-көлік авиациясымен алыс жерлерге жіберіледі. Бұдан басқа, оқу-жаттығу мақсатында жеке құрамды тасымалдауға азаматтық авиакомпаниялардың ұшақтарын тарту жоспарланған.

Кейбір запастағы әскери міндеттілерді шақыруды жүзеге асыру үшін жергілікті әскери басқару органдарына нұсқау берілді. Бірнеше азаматқа әскерге шақыру қағаздары табыс етілді. Оның негізінде әскери бөлімдерді жасақтау үшін олар жинау пункттеріне келуі тиіс болды. Осылайша әскери-оқытылған резервті жұмылдыру мүмкіндіктері тексеріледі.

Белгіленген аудандарға келгеннен кейін әскерлер жауынгерлік оқу-жаттығу тапсырмаларын орындайды. Аталған тапсырмалардың мазмұны оларға қосымша жеткізіледі.

Тағы да оқыңыз: