Kyzylorda-news.kz. Қызылордада облыстық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өнер адамдарының арасында қазақ күресінен тұңғыш рет «Өнер барысы» өтті.

Бір ерекшелігі – спорттық додада, аты айтып тұрғандай, бірде-бір кәсіпқой спортшы болмады. Бозкілемде алғашқы рет аймақтағы өнер және мәдениет саласында жүрген 21 жас белдесіп, 75 келіге дейін және 75 келіден жоғары 2 салмақ дәрежесі бойынша бағы мен баптарын қатар сынап көрді.

Аталған жарысқа «Мағжан и К» ЖШС және қаладағы «Биали» спорттық киімдер дүкені демеушілік жасады.

Додаға қатысқандардың басым көпшілігі – жайдарманшы, асаба, әншілер мен бишілер болды. Олардың қатарында Ақылбек Скендіров, Құттыбай Сағындықов, Асылхан Дүкенбаев секілді жайдарманшылар, Бекзат Молдабергенов, Олжас Нұрәлиев секілді әншілер бар.

Бүгін таңертең ерте басталған дода түс ауа бір-ақ аяқталды. Бозкілемдегі белдесу нәтижесінде 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша І орынды жайдарманшы Асылхан Дүкенбаев еншіледі. Қалған ІІ және ІІ орындарды облыстық филармония солисі Бекзат Молдабергенов пен әнші Әлішер Абдраманов өзара бөлісті.

Ал, 75 келіден жоғары салмақ дәрежесі бойынша жайдарманшы Ақылбек Скендіров жеңімпаз атанды. ІІ орынды жайдарманшы Нұрперзент Болат, ІІІ орынды әнші Олжас Балтахожа иеленді.

Қазақ күресінен өнер адамдарының арасында өңірімізде тұңғыш рет өткізілген «Өнер барысының» жеңімпаздарына облыс әкімінің орынбасары Н. Байқадамовтың дипломдары мен медальдар, демеушілер атынан қаржылай сыйлықтар, арнайы белбеу табыс етілді.

Айта кетейік, жарыстың марапаттау салтанатында 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаз атанған жайдарманшы Асылхан Дүкенбаев өзіне берілген қаржылай сыйлығы мен медаль, белбеуін алудан бас тартты.

– Бүгінгі «Өнер барысында» жеңімпаз атанғаныма қуаныштымын, әрине. Бірақ, мен медаль мен қаржылай сыйлығымды, белбеуді алудан бас тартамын. Мені осы жарысқа қатысуға шақырған Құттыбай Сағындықов болатын. Ал, «Тасбөгетте осындай мықты жаттықтырушы бар» деп спортзалға ертіп апарып, жаттығуыма көп көмектескен, кеңесін берген бауырым, досым – Бекзат Молдабергенов. Бүгін Бекзатпен ақтық сында белдесуге шықтық. Мен жеңімпаз атандым. Десек те, жаңа атап өткенімдей, мен жүлдемнен бас тартып, сыйлықтарымның бәрін Бекзат досыма беремін. Осылай болғаны дұрыс, – деп түсіндірді Асылхан Дүкенбаев бұл әрекетін.

Ал, Бекзат Молдабергеновтің өзіне сыйлаған ІІ орынның медалін Асылхан Дүкенбаев жайдарманшы әріптесі Құттыбай Сағындықовқа сыйға тартты.

Осылайша, Қызылордада өнер адамдарының арасында өткен тұңғыш «Өнер барысы» жайдарманшылар мен әншінің жүлде алмасқан жарысы ретінде есте қалды.

Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ

Суреттерді түсірген Нұрболат Нұржаубай

ЕСКЕРТУ: Эксклюзивті материалды «Kyzylorda-news.kz» ақпарат агенттігінің жазбаша рұқсатынсыз көшіріп басуға болмайды.

Тағы да оқыңыз: