Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласындағы «Евразия» мәдени спорт кешенінде халық балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлын еске алуға арналған қазақ күресінен республикалық турнир өтті.

Жылдағы дәстүрге сәйкес, қазақ күресінен 2000-2002 жылдары туылған жастар арасындағы республикалық ашық турнир 8 мәрте ұйымдастырылуда.

Жарыс додасының ашылу рәсіміне арнайы қатысқан Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевжас балуандарға сәттілік тіледі.

«Жыл сайын Сыр өңірінің бас қаласы – Қызылорда қаласында қазақтың қанына сіңген қайсар қасиетінің, биік рух пен намыстың күшін ортаға салып, боз кілемде белдесу үшін еліміздің барлық аймақтарынан,көршілес Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінен жас палуандарымыз бас қосып, ұлттық спортымызды баршаға паш етеді. Алдағы уақытта да жас спортшыларымыз талай табыстарға қол жеткізіп, халықаралық ареналарда еліміздің абыройын асқақтатып, байрағымызды көкке желбірете берулеріне тілектеспін»,- деді қала әкімі.

Сонымен қатар, турнирге арнайы келген ҚР спорт қайраткері, спорт ардагері Тоқташ Алдоңғаров және Самбодан КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, қазақ күресінен ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушысы Мұрат Жақып турнирге қатысушы балуандарға сәттілік тілей отырып, қолдау көрсетіп, турнирді 8-ші рет өткізіп отырған қала әкімдігіне зор алғысын білдірді.

Додада Өзбекстан мен Қырғызстаннан және еліміздің барлық аймақтарынан 17 команда, 220 спортшы бақ сынасты.

Жарыс барысында 9 салмақ дәрежесі бойынша жүлделер сарапқа салынып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер осы жарысқа арнайылап жасалған медальдармен және қаржылай сыйақылармен марапатталды.

Тағы да оқыңыз: