Kyzylorda-news.kz. Он жылдан аса пара пауэрлифтингпен айналысып келе жатқан жерлесіміз Кабира Асқарова бүгінде жасөспірімдерді спортқа баулып, жаттықтырушылық қызмет атқаруда. Ол былтырғы жылдың қыркүйек айынан бастап мүмкіндігі шектеулі балаларды спортқа тартып, екі топта 12 спортшымен жұмыс жүргізіп келеді. Оның дайындаған спортшылары Дана Темірхан мен Нарқыз Əбдірасилова биылғы жылы пауэрлифтингтен жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионы жəне ересектер арасында жүлдегері болды.

Кабира Асқарова спорттық мансабында жоғары жетістіктерге жетіп, өмірлік ұстанымын нығайта түсті.

Жетістіктерін айтатын болсақ, пара пауэрлифтингтен 20 дүркін Қазақстан чемпионы, Пара Азия ойындарының қола жүлдегері, Паралимпиада ойындарының қатысушысы, Пара Азия чемпионатының жəне Əлем кубогының күміс жүлдегері, ҚР халықаралық дəрежедегі спорт шебері, Мүгедектерге арналған спорт клубының спортшысы.

“Пауэрлифтингпен 2004 жылдан бастап айналысып келемін. Бұл спорт түріне денсаулығыма байланысты келсем, бір жағынан қызығушылығым пайда болды. 2006 жылдан бастап жарыстарға қатыса бастадым. 2007 жылы Шымкент қаласында өткен ел чемпионатында алғашқы рет бағымды сынап, бірінші орынды жеңіп алдым. Алдағы мақсатым – Паралимпиада ойындарына жолдама алу жəне спортшыларымның жоғары жетістіктерге жетуіне аянбай еңбек ету”, – деді Кабира Кеңесбекқызы.

Тағы да оқыңыз: