Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов Қайсар футбол командасының жаңа құрамымен танысты.

Жаңа маусымға «қайсарлықтардың» құрамына 11 футболшы қосылған. Олар: Елдос Ахметов, Қуаныш Қалмұратов, Бағдат Қайыров, Ризван Аблитаров, Алфин Фортес, Режиналдо, Александр Колев, Могамед Парагульгов, Иван Пешич, Элгуджа Лобжанидзе.

Кездесу барысында команданың капитаны Асхат Тағыберген клубтың маусымға дайындығы туралы айтып, қолдау білдірген аймақ басшысы мен жанкүйерлеріне алғысын білдірді.

«Қайсар» футбол командасы өткен жылы жоғары жетістіктерге жетті. Биылғы маусымдада сол жетістіктерді қайталауға тырысамыз. Ол үшін барлық жағдай жасалуда. Түркияда дайындық жүргіздік. Жақсы футболшылар қатарымызға қосылды. Жігіттермен бірге жоғары мақсаттарға жетуге жұмыс жасаймыз. 8-наурызда «Ертіске» қарсы ойында жеңіске жетіп, өзіңіз бастаған жанкүйерлерімізді қуантуға әзірміз», – деді команда капитаны.

«Қайсар» командасы тарихта 20 жылдан кейін Қазақстан кубогының иегері атанып, тұңғыш рет Еуропа лигасына жолдама алды.

Облыс әкімі аяқдоп шеберлерімен кездесу барысында Қуанышбек Ысқақов жаңа маусымнан, жаңа жетістіктер күтетінін айтты.

«Биылғы маусымда «Қайсардың» намысын қорғайтын футболшыларға үлкен жауапкершілік артылады. Жыл өткен сайын нәтиже жақсарып келеді. Осы жылғы чемпионатта да жеңіске қол жеткізсек деген мақсатымыз бар. Бастысы – қорғаныста сауатты, шабуылда ширақ қимылдасақ, техникалық жағынан түсіністік, бір-біріне деген сенім жоғары болуы керек. Оның үстіне, «Қайсардың» жанашыр жанкүйерлері жетерлік. Олардың шынайы қолдауы командаға айрықша жігер сыйлары анық», – деді аймақ басшысы.

Кездесу соңында облыс әкімі Қуанышбек Досмайылұлына «Қайсар» командасының 12 нөмірлі жейдесі табысталды.

Айта кетейік, дала қасқырлары 8-ші наурызда Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадионда «Ертіс» командасымен кездеседі.

Тағы да оқыңыз: