Наурызбай Байқадамов: Нұрсұлтан Назарбаевтай қырағы да табанды саясаткер бізге бұйырды – Kyzylorda News
Басты бет

Наурызбай Байқадамов: Нұрсұлтан Назарбаевтай қырағы да табанды саясаткер бізге бұйырды

01.12.2021, 11:49

738 0

Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы Наурызбай Байқадамов ҚР Тұңғыш Президенті күнімен құттықтады.

«Тәуелсіздік бұл – халқымыздың бостандығы мен дербес даму жолындағы сан ғасырлық күрес тарихының нәтижесі. Дегенмен, келген тәуелсіздікті тұғырлы етуде елін сүйер жанкешті қасиеттері жоғары, қоғамды ұйымдастырар қарымды, ел мен елді елдестірер елші, жұртын төрге сүйреуге тәжірибелі, бұрынғы саясаттан алар сұңғылалығы мен өткеннен жияр сабақтастыққа сабырлықпен қарайтын қайраткерлер керектігін тарихтан жақсы білеміз.
Біздің қазақ сияқты езіліп келген елдің, жұтылып кете жаздаған жұрттың, ұтылып келген ұлттың ұпайын түгендеп, айын оңынан тудыру тәуекелшіл Ер тұлғалы адамға ғана тән. Өйткені адамзат тарихында отарлықтан тәуелсіздік жолына түскен елдер көп болғанымен, социалистік жүйедегі империялық бодандықтан бостандық жолына түсу тәжірибесі алғаш рет біз сияқты кеңестік елдердің пешенесіне жазылыпты.
Ел өмірінің осындай өткір де өтпелі кезеңінде Нұрсұлтан Назарбаевтай қырағы да табанды саясаткер бізге бұйырды.
Қазақстан Республикасы ТМД мемлекеттері арасында бірінші болып барлық көрші елдермен шекара мәселесін шешіп алды. Мысалы, Қытай өзімен шектесетін 15 елдің ішінде бізбен ғана толық шекаралық келісімге келді. Әлемдегі ең ұзын шекаралық белдеу болған Қазақстан-Ресей шекарасы анықталып, ғасырларға созылған шекаралық дауға нүкте қойылды.
Семей сынақ полигонын жабу нәтижесінде мемлекетіміздің тәуелсіздігінің қауіпсіздігіне әлемнің іргелі мемлекеттері кепілдік берді.
Қазақстанда этносаралық өзара мәдени ықыластық орын алды. Басқаларды менсінбеушіліктен туатын ұлттық эгоизмнен де, өзін төмендетіп шегіншектей беретін ұлттық нигилизмнен де алшақ өз тағдырын өзгелер тағдырымен бірге қарастыратын, қадірлейтін ең биік гуманистік ұстаным қалыптасты.
«Болашақ» бағдарламасы бойынша Қазақстан жастарына әлемнің үздік оқу орындарында білім алуға жол ашылды.
Ұлт көшбасшысының Қазақстандықтар алдында сіңірген т.б осындай тарихи қызметіне деген құрметтің белгісі ретінде
Қазақстан республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы заң қабылданды.
2000 жылы енгізілген «ҚР Тұңғыш Президенті» мәтіні 2010 жылы «Елбасы» деген айқындауыш сөзбен толықтырылды.
Бұл ұғым Н.Ә. Назарбаевтың Ел тәуелсіздігін тұғырлы етудегі, Қазақстан халқын біртұтас Ұлтқа бірте-бірте айналдыру жолындағы нақты да орасан еңбегін көрсетеді.
Тәуелсіздіктен қасиетті, қастерлі ештеңе жоқ. Азаттық деген сыйы мен сынағы қатар жүретін құдіретті құбылыс. Сан ғасырғы арманның бәріне аз уақытта қол жеткізе салуға ниет болғанымен қауқарымыз әлі де жетпеуде. Барымызды қадірлей, жеткенімізді жетілдіре білейік! Еліміз аман, тәуелсіздігіміз баянды, азаттығымыз мәңгі болсын! ҚР Тұңғыш Президенті күні бәріңізге құтты болсын»,- деді Наурызбай Сейітқалиұлы.