Kyzylorda-news.kz. Қазақстан Президенті Қ.К.Тоқаевтың наурыз айындағы “Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы” аттыхалыққа арнаған Жолдауын зейін қоя тыңдадық. Осы Жолдау «Жаңа Қазақстанды» құру жолындағы ең өзекті мәселелерді шешуге бағытталған, халықтың қолдауына ие болатын бағдарлама болды деп пайымдаймын.

Жолдауда еліміздің жаңа стратегиялық мақсатқа жетудегі 10 негізгі бастамасын ұсынған Мемлекет басшысы халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып, елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын билікке жеткізуде бұқаралық ақпарат құралдарының алар орны маңызды екенін айта келе, журналистердің бәсекеге қабілетті болуы керектігіне айрықша тоқталды.

Бүгінде әлем қиын кезеңді бастан кешіп отыр. Небір сын-қатерлер бой көрсетіп, сан қилы өзгерістер белең алуда. Осындай ауыр сәтте елге дәл әрі нақты ақпарат беріп, биліктің ұстанымын, елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жан-жақты зерделеу маңызды болып табылады. Осы тұрғыда журналистер қауымы бәсекеге қабілетті кәсіби маман ретінде дәйекті ақпараттарды уақытылы әрі шынайы түрде жеткізуі үшін ресми органдар жариялылықты негізге ала отырып, ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз етуі қажет екені сөзсіз.

Осы ретте «Бұқаралық ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек. Бұл қағидат қазір кез келген өркениетті ел үшін айрықша маңызды. Тәуелсіз әрі жауапкершілігі жоғары бұқаралық ақпарат құралдары болмаса, қоғамды одан әрі демократияландыру мүмкін емес екеніне сенімдімін. Сондықтан мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиасаланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау керек» деді Президент.

Ендеше, алдағы уақытта журналистердің еркіндігі мен ақпаратты алу қолжетімділігі заң аясында қайта қаралатынына сенімім мол.

Алдаберген ЖОЛАНОВ, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы, Арал ауданының құрметті азаматы.

Тағы да оқыңыз: