Ұлы ойшылдар үндестігі – Kyzylorda News
Басты бет

Бізге жаңалық жіберіңіз: +7(702)702-76-00

Ұлы ойшылдар үндестігі

26.09.2020, 15:00

536 0

Kyzylorda-news.kz. Әр заманның ғасырға бергісіз біртуар адамдары ­болады. Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Ұлы дала әл-Фараби мен ­Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді» дей келе, тарихи сананы жаңғырту үшін, алға даму үшін ең алдымен ұлтымыздың ұлы ойшылдары мен қаһармандарын үлгі тұтуға, олардың өнегелі өмірі мен артына қалдырған құнды еңбектерін, пайымды ой-пікірлерін елге, әсіресе жас ұрпаққа кеңінен насихаттау керек екеніне ерекше тоқталды. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қазақстан халқына 2019 жылғы Жолдауында: «Ендігі жылы бәріміз әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын атап өтеміз. Мерейтой барысында ысырапшылдыққа жол бермей, ғұлама тұлғаларымыздың еңбектерін халық арасында дәріптеуіміз керек. Ел өмі­ріндегі осындай елеулі оқиғалар жас ұрпақты нағыз отаншылдыққа тәр­биелеуге жол ашады» деген болатын.

Біз өзіміз өмір сүріп отырған заманды барынша терең танып, өмір сүрудің дұрыс жолын таңдау үшін, өзіміздің ­тарихымыз бен мәдениетімізді, данышпан-ойшылдарымыздың, бабаларымыздың ғибратқа толы еңбектері мен өсиеттерін бойымызға терең сіңіріп, сол идеялар мен қағидаларды басшылыққа алып отырғанымыз жөн. Сондай құнды мұралардың иесі, биылғы жылы мерейтойлары әлемдік деңгейде тойланып жатқан ұлтымыздың мақтаныштары – ғұлама ойшылдарымыз әл-Фараби мен Абай. Абай мен әл-Фараби әртүрлі дәуірде өмір сүргенімен, екеуінің айтқан ғибратты сөздерінің арасында үлкен үндестік бар. Әл-Фараби мен Абайдың ой-толғамдары халықтың үлкен мұрасы.

Әл-Фараби бабамыз Аристотельден кейінгі дүниежүзі білімі мен мәдениетінің екінші ұстазы атанған данышпан, энциклопедист ғалым, астрономия, астрология, математика, логика, музыка, ­медицина, табиғат ғылымдары, социология, лингвистика, поэзия, риторика, философия ғылымдарын меңгеріп, осы ілімдер хақында арнайы 200-ге жуық трактаттар жазған. Өкінішке қарай, осынау ұшан-теңіз рухани туындылардың көбі жоғалып, біздің заманымызға тек 40 шақты еңбегі ғана жеткен. Әл-Фараби мұраларын зерттеуге еліміздің атақты ғалымдары Ә.Марғұлан, А.Көбесов, Р.Бердібай, А.Қасымжанов, Ә.Дербісәлі, тағы басқа да ғалымдар атсалысты. Әсіресе, елу жылдан аса өмірін әл-Фараби бабамызды зерттеуге арнап, әл-Фараби сынды ұлы ғұламаның есімін қазақ топырағына қайта оралуына ерекше еңбек еткен үлкен ғалым, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, профессор Ақжан Машановтың еңбегі орасан зор. Ол соңғы демі таусылғанша әл-Фараби мұрасын зерттеп, оның ғылыми, өмір тарихын жасауда теңдесі жоқ мұра қалдырды. Қазақтың дүниетанымдық пайымдауларын сабақтастыра отырып, фарабитану методологиясының ғылыми-ислами негізінің бағдарламасын жасады.

Қазақтың ұлы тұлғалары Абай мен әл-Фараби әртүрлі замандарда өмір сүргенімен және Абайдың ұлы ойшыл әл-Фарабидің еңбектерімен таныстығы жөнінде нақты ақпараттың жоқ болуына қарамастан, олардың еңбектері мен өсиет етіп қалдырған ғибрат сөздерінің мағынасы бір-бірімен тығыз байланысты. Ғұлама, кемеңгер ойшылдарымыздың шығармашылығына назар аударсақ, ұрпаққа қалдырып кеткен даналық ой-толғамдары әртүрлі сөзбен жеткізілсе де, айтар ойлары, көздеген мақсаттары бір екенін көреміз. Ұлы Абайдың Шығыс әдебиетімен кең таныс болғаны, оның атақты шайырлардың туындыларын ертеден оқып, бойына сіңіргені баршамызға мәлім. Әсіресе, ол түркі, парсы тілінде жазған кемеңгер ойшылдар ­Фирдоуси, Сағди, Хафиз, Науаи, Физули кітаптары арқылы Шығыс елдерінің аңыз, тарих, мифтерін танып біліп, ғибрат алған. Ал Шығыстың ұлы ғалымдары мен ойшылдары Әбу Әли ибн Сина (Авиценна), Беруни, Бозжани, Омар Хаям және т.б. өздерін Әбу Насыр әл-Фарабидің шәкірттеріміз деп есептеген. Ортаазиялық философ, ғалым Әбу Әли ибн Сина өз туындыларында әл-Фарабидің шығармаларын пайдаланып, «бұрын еш түсіне алмай жүрген Грек метафизикасын толығымен осы әл- Фарабидің кітабын оқып түсіндім» деген екен. Бұдан шығатын қорытынды – Абай тек қазақ ауыз әдебиетінің орасан байлығымен ғана емес, Шығыс шайырларының шығармаларын бойына сіңіріп, солар арқылы әл-Фараби еңбектерімен де таныс болған деп тұжырымдауға болады.
Әл-Фараби мен Абай шығармаларының үндестігін, ұқсастығын көптеген ғалымдар зерттеген. Соның ішінде екі ойшылдың арасын тарихи сабақтастықпен жалғастыра білген, «Әл-Фараби және Абай» проблемасын зерттеумен шұғылданған атақты ғалым А.Машанов: «Әл-Фараби мен Абай арасын жақындастыру, оларды үндестіру, біздің халқымыздың мың жылдық рухани, мәдени-рухани дүниесін тірілту деген сөз. Демек, бұл зор мақсатты халықтық іс деп білу керек… Ал осы екі алып тұлғаны жеке-жеке тануда едәуір істер атқарылғаны рас. Бірақ бұлардың арасын жалғастырып тұрған ғажайып нәзік, ­тамаша берік ­рухани жіпті біз әлі таба алмай жүрміз: бірақ оның барын анық сезсек те, оны «көруден» әлі шалғай жатырмыз» дейді. А.Машановтың Абайдың 150 жылдық тойы қарсаңында жазған «Әл-Фараби және Абай» атты кітабы өзінің мән-мағынасымен, ойшылдық, талдау болжамдарымен аса құнды, халқымыздың мың жылдық мәдени тарихының бар екендігін зерделеп, Абай дүниетанымының бастауы орта ғасырлық, араб, Шығыс елдерінде жатқандығын, оның көш бастаушысы ұлы бабамыз әл-Фараби болғандығын, сөйтіп, дана бабаларымыздың арасын жалғастыратын ғылымның даңғыл ­жолын ашып, мың жылдан астам уақыт өткен әл-Фарабиден кейін, оған ой-өрісі жақын ­парасаты кең, ойшыл Абай екенін дәлелдеген еңбек болды.

Ол екі ойшылдың арасын ­тарихи сабақтастықпен жалғастырушы Қазандағы Маржани медресесінде өзінің «Өткен бабалар өмірінен» атты кітабында әл-Фарабиді терең зерттеп, ұлы ойшылдың философия, музыка, жаратылыстану ғылымдары туралы трактаттарынан арнаулы дәрістер оқыған мұсылман-діншіл Шағабутдин әл-Маржани деген пікірге келеді. Ал Ш.Маржанидің шәкірттері Абайға медреседе оқыған жылдарында дәріс берген. Абайдың Маржаниды көп оқығандығы жөнінде мәліметтер бар. Ұлы Абай әл-Фарабиді білді деген дәлел Ақжан Машановта осылай қалыптасқан. Әрине, бұл мәселе әлі де нақтылауды, байып­ты зерттеуді талап етеді. «Араб-мұсылмандық Шығыстың, сондай-ақ әл-Фарабидің Абай дүниетанымына тікелей ықпал еткені ұлы ақынның шығармаларынан көрініп-ақ тұр, ­дегенмен, бұл әлі де терең зерттеуді қажет етеді, Абай жолын келешекте кеңейтіп, адамдық, шындық жолы – Фараби мен Абай жолы деп тануымыз керек…» дейді Ақжан Машанов.

Арабтық-мұсылмандық Шығыс мәдениеті – әл-Фараби мен Абай үшін бірдей рухани бастау, олардың арасын жалғастыратын арқау, үндестік. Әл-Фарабидің философиялық ойлауларының бастауы адамдардың жан дүние үндестігінен, әдемілік пен сұлулықтан, қайырымдылықтан, әділдік пен бақыттан басталса, Абайдың ойлау тұжырымдамасы өз бастауын адамды бағалау, оның бақыты мен адамдық болмысының мәнін қарастырудан тұрады. Абай мен Фарабидің үндестігін сөз еткенде, ең алдымен, екі ұлы ойшылға ортақ «жан қуаты» немесе Абайша айтқанда «өзін танымақтық» жайында көзқарасына назар аудару қажет. «Жан қуаты» жөніндегі философиялық ілімнің алғашқы қадамы сонау ерте заман философтарынан бастау алса, оны өз заманында ғылыми жүйеге түсіріп, қалыптастырған Фараби еңбегін ерекше атауға болады. Бұл ілімге қазақ топырағында алғаш Фараби бойласа, әрі қарай оның ізін жалғап, терең барлап барған Абай болды. Әл-Фарабидің еңбектерінде «жан қуаты» жөнінде қолданған ұғымдар Абайдың 7,27,43-ші қара сөздерінде жиі қайталанады. Әл-Фараби мен Абайдың жердің жаратылуы туралы ойлары, түсініктері де үндес. Әл-Фараби өзінің математикалық трактаттарында «8» санына баса назар аударса, Абай «Сегіз аяқты» жазған. Әл-Фарабидің: «Әрбір адамның әлемде өз орны бар» ­деген тұжырымын, Абай «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деп әрбір адам баласының өмірде өзінің орны барын айтып өткен. Идеялардың мұндай өзектестігін әрі қарай жалғастыра беруге болады. Абай мен Фарабидің үндестігін сөз еткенде, тағы бір айта кететін жайт, Абайдың қара сөздерінде Фараби айтқан ойлар көрініс табады. Біріншіден, Абай жан, ой, дін, ынсап, ләззат, ақыл, түйсік, ғылым, білім, құмарлық, еңбек, талап, ұят, ар, намыс, махаббат, қайрат, ашу-ыза, қуат, т.б. философиялық категорияларды терең зерттеп, мән-мағынасын айқындап көрсеткен. Сол себепті, Абайдың қара сөздерін философиялық трактат деп айтуға болады. Екіншіден, Абай Фарабиден кейін, арада мың жыл өткен соң қазақ топырағында Сократ, Платон, ­Аристотель, Аристодем еңбектерін терең оқып, өзінің ой-тұжырымдарын жасай білген.

Ұлы ойшылдарымыз Фараби мен Абайдың рухани әлемі – ерекше бір тылсым дүние, олардың негізгі зерттеу объектісі – адам. Адамның эстетикалық, этикалық бет пернесі, арманы мен мақсаты, өмірінің мәні, болмысы мен ұлттық ойлау ерекшелігі ұлы ойшылдарды терең тебіреніске түсірген. Өйткені адам мәселесі, олардың қарым-қатынасы, өмірі мен тұрмысының мәні философияның негізгі өзегін құрайды. Дана Абай адам проблемасының қоғамдық, рухани, этикалық, эстетикалық жақтарына кең ауқымда жан-жақты қарайды. Ал бұл мәселелердің бір-бірімен тығыз байланысты екендігіне ешқандай күмән жоқ. Абай адам табиғатын этикалық түрғыда қарай отырып, оның тұтас алғандағы кісілік қалпын, ұжданды, «сегіз қырлы, бір сырлы» сырбаз адам, яғни кемеліне жеткен «толық адам» ретінде көрсетеді. «…Адам деген даңқым бар» дейді Абай. Сол арқылы ол неден қашық, неге асық болуы керек екеніне тоқталып, жақсылық пен жамандықтың, надандық пен имансыз адамның шынайы мәнін ашып береді.

Әл-Фарабидің еңбектері мен пайымдық ой-пікірлерінде адам тәрбиесі ерекше орын алған. Ол «адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деп, оқып-білім алу, ғалым адам болу мәселесін тәрбиемен тығыз байланыс­тырады. Тәрбие мәселесін әл-Фараби осындай кең мағынада түсіне отырып, тәрбиенің жалпы халықтар мен қала тұрғындарының өмірінде алатын орнын, атқаратын рөлін жоғары бағалайды. Дұрыс тәрбие берілмеген халықтар мен қала тұрғындары «надан» халықтар ­немесе қала тұрғындары деп аталып, ондай қалалардың түрлері, адамдарында кездесетін нашар мінез-құлық, іс-әрекеттер сипатталады.

Әл-Фараби тәрбиенің, оның ішінде еңбек тәрбиесінің теориясы ғылымға негізделуі қажет деп санай келе, оқу-ағарту мен тәрбие туралы, еңбек мәдениеті туралы ілім жасады. «Еңбектің өзі – өнер. Ал еңбек тәрбиесі сол өнерден туындайды, әрбір адамды еңбекке баулиды, еңбек шеберлігіне үйретеді. Олардың еңбек ету дағдысын қалыптастырады» дейді ­Фараби. Ол еңбек өмір сүрудің негізі, адамзат тіршілігінің мәңгілік, табиғи шарты деп қарастырады. Әл-Фарабидің пікірінше, оқу, тәрбие, білім алу, еңбек ету, ғылым адамы болу адамгершілік және еңбек тәрбиесіне тығыз байланысты. Фараби ең алғаш еңбекті, таза еңбекті, адал еңбекті тәрбиенің алғы шарты деп есептейді.

Абай да өз шығармаларында «адал еңбек» деп аталатын ұғымға ерекше мән береді. «Адал еңбек, мал таппақ, жұртқа жақпақ» деп ақын адал, шынайы еңбектің адам өмірінде зор орын алатынын, адамның азамат ретінде қалыптасуы үшін басты қызмет атқаратынын, еңбек адамның жан дүниесін мейірімге бөлейтінін, ал «еңбектің қадірін білмейтін жалқаулар, еріншектер, олар талапсыз, жігерсіз, ұяты төмен адамдар болып келеді» деп тұжырымдайды. Қорытып айтқанда, ақын еңбекті ең жоғары игіліктің көзі, адам қарекетінің ең биік өлшемі, халыққа қызмет етудің, намысын қорғаудың басты көрсеткіші деп білді. Адамның тұлға ретінде қалыптасуында адал еңбектің, өскен ортаның, тәрбиенің рөлі ерекше екеніне мән бере отырып, ұлы Абай әр адамның өзіне-өзі есеп беріп отырғаны жөн деген ойды айтады. Ол өзінің он бесінші сөзінде осы ойды былайша қорытады: «Есті кісілердің қатарында болғың келсе, күніне бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өміріңді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?». Бұл жерде Абай әр адам өзіне сыни көзбен қарап, күнделікті істеген ісіне талдау жасап, жауап беруі арқылы, өзінің өмірдегі орнын тауып, соған лайықты әрекет жасау керектігі ­туралы айтады. Абай өзінің қырық үшінші сөзінде, адамның тұтыну мүмкіндіктері туралы толғана келе, бұл мәселеде шамадан тым аспай, қанағатшыл болу керек екендігіне тоқталады: «Әрбір жақсы нәрсенің, өлшемі бар, өлшемінен асса – жарамайды. Өлшемін білмек – бір үлкен керек іс… Ішпек, жемек, кимек, күлмек, көңіл көтермек, құшпақ, сүймек, мал жимақ, мансап іздемек, айлалы болмақ, алданбастық – бұл нәрселердің де өлшемі бар» деп өсиет айтады. Ал оның таразысы – ұят пен ар. Ары мен ұяты бар адам әрқашанда қанағатшыл және адамгершілігі мен кісілігі жоғары дәрежеде болады деген пікірге тоқтайды. Әл-Фараби мен Шығыстың басқа да ұлы ойшылдары сияқты Абай қоғамның жақсарып, жаңғыруына адамдардың ар-ұжданын жетілдіру жолымен жетуге болады деп сеніп, халқын сол жолға салсам, халқыма мол пайда келтірсем деп ойлаған. Абай дүние үнемі өзгеріп отырады, дамып отырады деп есептейді. Ақынның «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» деп аталатын өлеңінен ­бастап, жиырмасыншы, отыз жетінші, отыз сегізінші қара сөздерімен, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп келетін өлеңінде және тағы да басқа шығармаларында даму идеясы көрініп отырады. Абай Жаратушыдан басқаның бәрі бұл жалғанда дамиды, өзгеріске ұшырайды, ал қоғам ұрпақтардың үнемі жаңарып отыратын мекені деп есептеген. Әл-Фарабидің философиялық, әлеуметтік-этикалық ой-тұжырымдары да ұлы Абайдың еңбектерінде жалғасын тапты. Әл-Фараби «Интеллект мағынасы жайында» деп аталатын еңбегінде адамның пайым-парасат мүмкіндігін жан-жақты талдап, оны «потенциалды интеллект», «актуалды интеллект», «жүре келе дарыған интеллект» сияқты философиялық категорияларға бөліп талдайды. Әл-Фараби «жүре келе дарыған интеллект» туралы «адам туғаннан ақылды, білімді болып тумайды, интеллект өзі жүре келе, естіп, көріп, оқып барып қана дамиды» деп тұжырымдайды. Бабамыздың интеллект туралы айтқан ойларын мың жылдан кейін, ұлы Абай өзінің «Он тоғызыншы сөзінде»: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, ­татып ескерсе, дүниедегі жақсы, ­жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің сөзін естіп жүрген кісі өзі де есті болады. Сол естілерден естіп, білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады» деп тереңдете түседі.

Әл-Фараби: «Ақыл-парасат күші – адамның ойлауына, пайымдауына, ғылым мен өнерді ұғынуына және жақсы мен жаманды ажыратуына көмектесетін күш» деп ескертеді. Әл-Фараби өзінің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» атты философиялық трактатында «Қайрат», «Ақыл» және «Жүрек» сияқты ұғымдарға түсінік бере келіп: «Жүрек – басты мүше, мұны тәннің ешқандай басқа мүшесі билемейді. Бұдан кейін ми келеді. Бұл да басты мүше, бірақ мұның үстемдігі бірінші емес» дейді. Әл-Фарабидің «Қайрат», «Ақыл» және «Жүрек» жөніндегі философиялық ой-пікірі Абайдың «Он жетінші сөзінде» өзінің толық жалғасын табады. Абайдың осы сөзінде «Қайрат», «Ақыл» және «Жүрек» үшеуі әрқайсысы өзін мықты ­санап, айтысып, таласып, ақыры «ғылымға» келіп жүгінеді. Сонда «ғылым» бұл үшеуіңнің де айтқандарың рас, үшеуің де қажетсің: «Ей, Қайрат, сенсіз ешнәрсенің болмайтұғыны да рас, бірақ қаруыңа қарай қаталдығың да мол, пайдаң да мол, бірақ залалың да мол, кейде жақсылықты берік ұстап, кейде жамандықты берік ұстап кетесің, соның жаман» дейді. Бұдан кейін «ғылым» «Ақылға»: «Жаратқан тәңіріні де сен танытасың. Жаралған екі дүниенің жайын да сен білесің. Бірақ сонымен тұрмайсың, амал да, айла да – бәрі сенен шығады. Жақсының, жаманның – екеуінің де сүйенгені, сенгені – сен; екеуінің іздегенін тауып беріп жүресің, соның жаман» депті. Бұдан кейін Абай, әл-Фарабидің жоғарыдағы пікіріне сүйеніп: осы үшеуің басыңды қос, бәрін де «Жүрекке» билет, – деп ұқтырып айтушының аты «ғылым» екен. – Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табылсаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам сол. Үшеуің ала болсаң, мен «Жүректі» жақтадым. Құдайшылық сонда: қалпыңды таза сақта, Құдай тағала қалпыңа әрдайым қарайды деп кітаптың айтқаны осы» дейді. Абай өзінің он төртінші қара сөзінде де: «Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма?» деп сұрақ қойып, соған өзі жауап берген. Оның жауабын талдасақ, жүректі – адам ең мықты, батырдың – батыры, жүрекпен айтылған сөз – ең дұрыс сөз дейді. Сондықтан да әр уақытта жүрегімізді тыңдап, әр іс-әрекет алдында жүрегімізге үңілгеніміз дұрыс, – деген қорытындыға келеді.

Ғұлама әл-Фараби мен Абай – қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгерлер. Олар күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады. Біз әл-Фараби, Абай сынды ұлы тұлғалар еңбектерінің мемлекетіміздің тәуелсіздікті нығайту, ұлт тұтастығын ұйыстыру, ­жастарды отансүйгіштікке, патриотизмге, білімділікке, еңбексүйгіштікке тәрбиелеудің негізі екенін ұмытпауымыз керек. Әл-Фарабиді таныған, Абайды терең түсінген ұрпақ өзінің ұлттық рухын жоғары ұстайды, қиын-қыстау кезеңдерден дұрыс жол тауып, еліміздің алға дамуына барынша үлес қосады. Сондықтан да біз үшін бұл мерейтойлардың маңызы ерекше. Бұл тарихи даталарды ақыл-парасатпен, салиқалы деңгейде өткізуге баса мән беру керек. Негізгі мақсат – ұлтымыздың мақтаныштары – Ұлы ойшыл әл-Фараби мен дана Абайдың тағылымын жастардың санасына сіңіру, ұлы тұлғаларымыздың ой-толғамдарын кеңінен дәріптеу. Тойдың өзегі – әл-Фараби мен Абай мұрасын ­насихаттау арқылы қазақты әлемге таныту. Ұрпақтың бойына ұлы бабаларымыздың еңбектерінің биік тағылымын сіңіру.Бұл тойлардан қандай үлгі-өнеге алдық, жас ұрпаққа ұлы бабаларымыздың терең мағыналы ғибратты ойларын таныта алдық па? Біз той барысында осындай сауалдарға жауап алуымыз керек. Сонда ғана той мақсаты орындалды деп айтуға болады.

Қуаныш Айтаханов,
қоғам қайраткері

0

Пікір қалдыру