Kyzylorda-news.kz. Бүгінгі ұрпақ есімін құрметпен атайтын айтулы тұлғалардың бірі — көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Темірбек Жүргенов.

Ол халықтың мұң-мұқтажын жоқтап, жұртшылықпен етене араласқан басшы ретінде елдің есінде қалды. Қазақы қалпымызды сақтауға және мәдениетіміз бен өнерімізді дамытуға өлшеусіз үлес қосқан ардақты азаматтың руханият тарихында алатын орны бөлек. Әсіресе, Қазақстан үкіметінің халық ағарту комиссары болып қызмет істеген тұсында ұлттық ой-сананың ілгерілеуіне ерекше еңбек сіңірді. Бұрынғы және қазіргі дәуірдегі энциклопедиялық еңбектерде халық комиссарының ұлтымыз үшін аянбай қызмет еткені, «Орталық Азия мен Қазақстандағы мәдени құрылыстың тарихын алғашқы зерттеушілердің бірі болғаны» және оның «тікелей атсалысуымен «Қазақстанда мектеп жүйесін реттеу және қазақ орта мектептерін көбейту туралы» қаулы қабылданып, қазақ орта мектептерінің саны артуына негіз қаланғаны» туралы айтылады. Әрине, қеңес үкіметіне қалтқысыз қызмет еткен Темірбек Жүргенов те қоғамға үстемдік орнатқан идеологияның жетегінде болғаны даусыз. Сондықтан оның мақалаларында бар жақсылықты сол кездегі жүйеге теліп, сол тұстағы көсемдердің есімімен байланыстыру үрдісі қалыптасты.

Бүгінгі күннің биігінен қарағанда қайшылықты пікірлерімен ерекшеленетін енбектері де баршылық. Дегенмен, оның басты ниеті қазақ ұлтының көшін ұзартып, тұрмысын ілгерілету болғанын ешкім де жоққа шығара алмайды. Академик Серік Қирабаев «Темірбек нарком» деген мақаласында былай дейді: «Мен бұл есімнен хабарсыз емес едім. 30-жылдардың әдебиеті тарихын зерттеп жүргенде, әдебиетпен тікелей байланыста дамитын мәдениет мәселелеріне назар аударғам. Жүргенов есімімен де талай кездескем. Қазақстандағы оқу жүйесі мен мәдениет саласына үлкен енбек сіңірген, дәстүр мен мәдениеттің ұлттық сипатын жарқырата көрсетуге ұмтылған үлкен қайраткер екенін ұққам». Сондықтан Темірбек Жүргенов тұлғасын білім мен мәдениет саласынан бөліп қарай алмаймыз.

Өткен ғасырдын отызыншы жылдарындағы Қазақстанның оқу-ағарту жүйесіндегі оң өзгерістердің бәрінде де оның қайраткерлік қолтанбасы бар. Темірбек Жүргеновтің шығармашылық мұрасының ішінде ұлттық мүдде мен ұлттық салт-сана мәселесіне байланысты еңбектерінің өзі бір алуан. Оның барлық мақалаларында қазақтын санасына ой салуға деген ұмтылысы айрықша байқалып тұрады. «Ұлттық сананың ең негізгі белгісі – әр ұлттың өзін-өзі танып-білуі, өзін өзге ұлттардан айыра білуі, ұлттық мақсаттар мен мүдделерді іске асыру үшін күресу, ұлттық мақсаттар мен мүдделерді бүкіл адамзаттың мақсаттары мен мүдделеріне ұштастыра білу», — деген тұжырымға сүйенсек, онын қайраткерлігі мен қаламгерлігі осы міндетті орындау жолында тоғысқанын анық анғарамыз.

Елдін басына орнаған жақсылыққа толы заманды Асан Қайғы бабамыз іздеген Жерұйықпен салыстыру үрдісі қай кезде де болды. Мәселен, еліміздің еркіндік алған бүгінгі дәуірін де осы қастерлі ұғымға теліп, ұлтымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманына қол жеткізуінің нақты көрінісі деп танып жүрміз. Себебі, қазақ халқының жағдайы қай кезде тәуір саналса, сол тұс қанағатшыл жұртшылық үшін Жерүйық секілді бағаланады. «Жерұйық пен Жиделібайсынды таптық» деп сезіну — ұлттың өз заманына разылығының, елдің бақуатты болғанының белгісі. Темірбек Жүргеновтің өз тұсындағы танымы бойынша зерделесек, «Асан Қайғы осы күнге халықтың есінде. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалап жатқан тамаша жер туралы ертегіні біреуден-біреу естіп, әлі күнге дейін халық аузынан тастамай айтумен келеді. Бірақ біз Жерұйықты көзбен көріп отырмыз — бұл казіргі Қазақстан».

Әрине, көрнекті қайраткер сол кездегі дағды бойынша осы игіліктің бәрін кенес өкіметінің шапағатымен, онын көсемдерінің бағыт-бағдарының дұрыстығымен тығыз байланыстырады. Бірақ ол осы саяси мінберді өз ұлтының жетістіктерін көрсету, халқтың өсіп-өркендеуіне жағдай туғызу үшін тиімді пайдаланды деуге болады. Бұл мақаланын идеологиялык сипаты басым екендігіне қарамастан онда ұлттың мүддесі толық ескерілгені дау тудырмайды. Жүргенов кез келген жазбасында қолға алып отырған мәселесін өз халқының ахуалына қарай бейімдейді. Ежелгі рухани құндылықтарды елдің санасына сіңіру арқылы ұлттық танымды қалыптастыруға тырысады. Көнеден тамыр тартқан жәдігерліктерді таныту мақсатымен «Жерұйық» атты мақаласын жазған кезінде осындай міндет алға қойылған секілді.

«Асан Қайғы халықтың мұңын жырлаған, қазақтардың болашағын әдемі сөзбен суреттеген. Өз бастарының қамын ғана ойлап, келе жатқан қауіп-қатерді көре алмай отырған хандарды мейлінше сөккен. Асан Кайғының қауіп деп отырғаны Ресейдің қазақ даласын бағындырып алуы жөніндегі әрекеті еді», — деген қайраткердің пікірін ұлт тағдыры туралы ой өрбіткені деп түсінгеніміз абзал.

Т.Жүргенов «Орыс халқының ұлы жазушысы және қазақ халқы» атты мақаласында Александр Пушкиннің шығармашылығын жан-жақты талдайды. Оның бар болмысы туралы қазақ ұғымына түсінікті тілмен баяндайды. Қазақтын ұлы ақыны Абайды айта отырып, Пушкиннің табиғатына терең үңіледі. Біздің ақын-жазушыларымыздың Пушкин туындыларына қызыққан себептерін үғындыруға тырысады. «Сұлулықты Пушкин стилінің көркемдік дәрежесіне жете суреттеген асқан ақындықты Абайдан бірінші рет көрдік деуге болады», — деп тұжырымдайды. Абай арқылы қазаққа мәлім болған орыс ақынының танымал кейіпкерлерінін мінез-кұлқы мен өз елінін адамдарының кескін-кейпінен сабақтастық іздейді. Тумысынан педагог Жүргенов ұлттық сананы оятып, берік қалыптастырудың тәсілдерін үнемі қарастырып жүретінін аңғаруға болады. Қайраткердің байыптамасы бойынша, «Пушкин суреттеген Онегин мен Татьянаның образдары, олардын сүйіспеншілігінің тарихы қазақ бұқарасына үғымды болатын тағы бір себебі бар…

Помещиктер тегінен шыққан, тентек мінезді, женілтек, білімді әйелге немкетті қарайтын Онегинді қазақ бұқарасы жексұрын салдарға, бұқарадан қол үзген, қазақтын семьясына көп әлек салған. Қазақтың талай қыздарын сырты жылтырап алдап-арбаған сұмырай тілмаштарға ұқсатады». Осы пікірді саясаттың ыңғайында айтылған деп санағанның өзінде бәрібір қазақы ұғымға орайластыруға тырысушылық байқалып тұрғаны белгілі нәрсе.

Т.Жүргеновтің халықтың ұлттық танымын кеңейтуге бағытталған елеулі еңбегі — «Қазақстандағы мәдениет революциясы» атты мақаласы. Бұл — ұлт мәдениетінің жай-күйі, оны өркендету туралы толғам. Идеологиялық ұстанымына назар аудармай, негізгі мәселесіне ойыссақ, онын ұғымындағы «Қазақстан дегеніміз — … Октябрь революциясы туғызған енбекші қазақ елі, сол қазақтың жері, сол қазақтың ұлты». Сөйтіп, ол қалай болғанда да өз көзқарасы арқылы ұлттық сананы дәріптеумен болды. Идеологиялық иірімнің бәрін қазақ ұлты деген ұғымның төңірегіне топтастырды. Өз тұсындағы жана заман қазақтың ұлттық болмыс-бітіміне жаңалық әкелді, рухани мұрасын кеңінен қолдануға жол ашылды деп топшылады. Онын барлық ұстанымы жана биліктің шарапаты қазаққа пайдасын мол тигізді дегенге сайды.

Тарихымызға үңілсек, өз қандастарымыздың ішінде ұлттық музыкалық аспаптарымыздың кең таралуына қарсы шыққан басшылардың да болғанын білеміз. Ал кайраткер Жүргенов қазақтың қара домбырасының келешегіне алаңдады. Жаңа дәуір ұлттық аспаптың бағын ашты деп бағалады. Ардақты азаматтың:

«Искусство дегенде қазақта жалғыз домбыра болатын. Оның өзі де қадірсіз болушы еді. Домбыра ұстаған адам сүтке тиген күшіктей болып, дoмбыpacын қолтығына тығып жүруші еді. Домбыра ұстаған жыршының – искусство адамының хан-төреге, байларға тек ермек, мақтау үшін болмаса. шынында қанша қадірсіз болғанын Абайдың өлеңдерінен де көруге болады», — деген байыптамасы осыны аңғартады.

Темірбек Жүргеновтің биік лауазымды қызметте жүргенде ұлт мәдениетінің жанашыры болып қана коймай, оны жетілдіруге, өсіп-өркендетуге зор үлес қосқаны баршаға мәлім. Ол өз мақалаларында ұлттық үрдістерді тұншықтыруға тырысқан күштердің атын атап, түсін түстеп отырды. Мәдениеттің дамуына кесел келтіретін факторларды санамалап, оны сондай сыртқы ықпал-әсерлерден қорғау қажетгігін биліктің барлық буындарына аманаттады. Бүгінгі руханият билігі үшін де Жүргенов тұлғасының әрдайым үлгі тұтар биікте тұрғаны оның бұл салаға қаншалыкты тер төккенін айғақтайды.

Оның тұжырымдауынша, «Еңбекшілдер өздерінің ұзақ тарихы дәуірінде әртүрлі өнердің, бастауыш түрде болса да, басын кұрағанмен, үстемдік қылған тап пен олардың көсемдері осы сықылды халықтың қолындағы мәдениетін басып-жаншып, қадірсіз қылып, іске жаратпай, қазаққа басқа жат «мәдениет» сіңірмек болды». Бұлай ұғындыру арқылы да ұлтқа жақсы мен жаманды, асыл мен жасықты, құнды мен құнсызды ажыратуға үндейтін бағыт-бағдар беруге болатыны анық. Осы тұрғыдағы Темірбек Жүргеновтің мақсат-міндеті айқын екені барлық еңбектерінен көрінеді. Ол қазақ әдебиеті тарихына «айрықша бір ағым, жеке бір тарау боп кірген» мұсылман дәуірін де ұлттық таным ыңғайында қарастырады. Діни миссионерлердің қазақ халқын шоқындырып, болмыс-бітімін, тек-табиғатын өзгертуге тырысқан пиғылын нақты дәлелдер арқылы танытады. Дәйекті деректер мен тиянақты мәліметтер келтіріп, елді жирендіріп, халықтын тағдырына араша түсіп, ұлттық сана ұтымы аясында ұйысуына жол ашады. Ол үшін биліктегі қазақ ұлтының әр өкілі үлкен рөл атқаратынын, игіліктің бәрі солардың қолымен жасалуға тиістігін, бірақ бұған басын ауыртпайтындардың да жеткілікті екенін еске салады: «Осы сықылды Қазақстан жерін, қазақ елінің тұрмысын білгендерге ап-анық болған мәселелерді алдымен шешіп алудын орнына Қазақстанды бұрын басқарған кісілер жамбасының ауырмайтын жағымен жата кеткен».

Темірбек Жүргеновтің жан ауыртқан саласының бірі — тіл тақырыбы. Қазақ тілінің ахуалы кайраткерді үнемі толғандырған, оның өзге тілдер ауқымында жұтылып кетпей, табиғи қалпын сақтауына мүдделі болған. Тіл мәдениетіне кері әсерін тигізетін сөз қолданыстарына алаңдаған. Сөздік қорымыздың өңін қашыратын оғаш өзгерістерді қабылдай алмай, тұрақты түрде пікірін жариялап отырған. «Тіл мәселесі дегенді бұл жерде біз қазақ тілі хақында ғана айтпақпыз», — деп бірден тақырыптың басын ашып алуынан оның үнемі ойы анық, ұстанымы берік болғанын көреміз. Ұлтын ардақтай білетін азамат ұлтының тілін де шексіз қадірлеген. Ол қазақ тілінің дәрежесі әлемнің ірі елдерінің тілімен қатар тұрғанын қалайды, мақсат-мұратын осыған орай негіздеп түсіндіреді. Тіл мен білімді және мәдениетті ұлттың көшін өрге сүйрейтін үйлесімді ұштаған ретінде қарастырады.

«Қазақ тілі байыса, басқа мәдениетті жұрттардай өз шаруашылығына керекті өз тілінде түсіндіре алатын болса, былайша айтқанда, адам баласының барлығы бірдей білімге жетіссе, халық мәдениетінің де өскені ғой» — деп ой қорытады.

Тіл мәселесін тиек еткен Темірбек Жүргенов мемлекеттік тұлға ретінде ауқымды тұжырымдамалық міндет арқалайды. Оның ой-арманы қазақтың тілін әлемнің іргелі тілдерінің қатарына қосу болған. Бұған қол жеткізу үшін таңдалатын жолды да, бұл орайда қолданылатын әдіс-амалдарды да санамалап көрсетеді. Тілдің қуат-құнарын жақсы сезінген, оның болашағына сенген адамның мүддесі мен көзқарасы айқын аңғарылып тұрады. Ал осыны қайраткердің өз сөзімен айтсақ:

«Қазақтын әдебиет тілін, білім тілін тудыру жөнінде біздің негізгі мақсатымыз — сол тілді көпшілікке барынша ұғымды қылу, сол тіл арқылы қазақ еңбекшілерінің қалың бұқарасын дүние жүзінің өнер-біліміне, техникасына ие қылу».

Ұлт санасын оятудың басты тегершігінің бірі — ұрпаққа білім беретін мектеп ашу мәселесі. Оқу орындарының қатарын көбейту нарком Темірбек Жүргеновтің кұлшына кірісетін ісі болғаны баршаға белгілі. Ол отызыншы жылдардағы білім саласының ілгерілеуіне тікелей атсалысты. Мектептердегі тәрбие жүйесін ұлттық үрдістерге бейімдеп құрды. Кеңестік кезендегі қазақша білім беретін мектептер жүйесінің негізін қалады. Оқу бағдарламаларының ұлттық танымға қызмет етуін, халықтық дәстүрден алыстамауын ұдайы назарда ұстады. Т.Жүргеновтің зайыбы Дәмеш Ермекованың естелігіне жүгінсек, «Ол өзі облыстарға, аудандарға баратын, көзімен көріп, құлағымен естігенді жақсы көретін. Кабинетте отырып іс шықпайды дейтін. Мұғалімдер дайындау, олардың тұрмыс жағдайын түзеу, балаларды оқыту, мектептер салу керек деп көп айтатын. Сөйтіп, Алматыда үш жылда 18 мектеп салынды».

Ұлттық сана ұғымы тұрғысынан қарасақ, мектеп мәселесі осының алдында қозғалған тіл мәселесінен алшақ кете қоймайды. Ол осы қос арнаны халықтық қалыпты сақтаудың тетігі деп білді, үнемі бұл екі тақырыпты бір-бірімен сабақтастыра қарастырды. Темірбек Жүргеновтің тілді ұрпақ санасына мектеп арқылы орнықтыруды мақсат еткеніне академик С.Қирабаевтың мына пікірі дәлел бола алады:

«1935 жылы қазақ мәдениеті қызметкерлерінің сьезінде «тіл адамның дүниетанымы дәрежесін көрсетіп қоймай, оның адам болып қалыптасуына да үлкен рөл атқаратынын» атап айтты.

Тіл тазалығын мұғалімдерден бастауды ұсынды. Жас ұрпаққа таза ана тілінде сөйлеуді міндеттеді. «Дүниежүзілік мәдениетке ана тілі арқылы барамыз» дегенді айтты. Қазір Темірбек Жүргеновтің қайраткерлік және қаламгерлік тұлғасы жан-жақты қырынан зерттелуде. Әсіресе, жүргеновтануға әдебиетші ғалым Бауыржан Иманғалиевтің айрықша еңбек сіңіргенін айтуға тиіспіз. Соңғы жылдарда Сыр елінде ғылыми ізденістер биік нәтиже көрсетті. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің тарихшы-ғалымдары Тәжікстанның орталық мемлекеттік мұрағатында зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қайраткердің сол елдегі қызметі туралы бірқатар тың деректер тауып, ғылыми айналымға қосты.

Ардақты азаматтың туған топырағынан бастау алатын аймақтық зерттеулер тәжірибесі де айқындала бастады. Осы ізденістердің қай-қайсысы да Темірбек Жүргеновтің шығармашылық мұрасының негізгі тақырыбы ұлттық сананы орнықтыру ұғымынан алыстай қоймайтынына айқын дәлел бола алады.

Жандос ЖАҚСЫКЕЛДИНОВ, тарихшы “Қамшы”

Тағы да оқыңыз: