Kyzylorda-news.kz. Қызылорда «Болашақ» университетінде «Болашақ» Ғылыми-зерттеу институты мен «Жалпы білім беру және құқық» кафедрасы жанындағы Әлеуметтік-экономикалық және саяси зерттеулер орталығының ұйымдастыруымен «Шығыс пен Батыс ғылымының көпірі – әл-Фараби мұрасы» тақырыбында республикалық дөңгелек үстел онлайн форматта өтті. Дөңгелек үстел жұмысына оқу орнының профессор-оқытушылар құрамы, студенттері қатысты.

Алғашқы сөз философия ғылымдарының кандидаты, доцент, Әл-Фараби Орталығының директоры Бекжан Берікбайұлы Мейрбаевқа берілді. Баяндамашы «Қазіргі Қазақстандағы фарабитану мәселелері» тақырыбы бойынша сөз қозғап, аталмыш ғылым саласының дамуына мән берді. Әл-Фараби орталығының негізгі міндеттеріне тоқталды. Философия ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Философия және саясаттану факультеті, Философия кафедрасының меңгерушісі, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры жүзеге асырып жатқан аударма еңбектердің ғылыми редакторы қызметін атқарып келе жатқан Әсет Абайұлы Құранбек «Фарабитану және қазақ қоғамының рухани жаңғыруы» тақырыбында баяндама жасады. Ғалым Қазақстандағы фарабитанудың мәселелері мен міндеттеріне тоқталып, өз ойларын қоғамдағы рухани жаңғырумен байланыстырды.

Философия ғылымдарының кандидаты, әл-Фарабиді зерттеген шығыстанушы, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Жанат Байжомартұлы Момынқұлов «әл-Фарабидің түсінігіндегі философия және діннің арақатынасы» баяндамасын жұртшылық назарына ұсынды. Баяндамашы әл-Фарабиді философия мен діннің арақатынасы туралы зерттеген алғашқы шығыс философы екендігін айта келе, ойшылдың көзқарастары негізіндегі философиялық пікірлері мен діни дүниетанымының байланысын талдайды. Филология ғылымдарының кандидаты, Қызылорда «Болашақ» университеті, Білім беру және педагогика  жоғары мектебі, филология, журналистика кафедрасының аға оқытушысы Тасболат Сиезбайұлы Медетбаев «әл-Фараби – әлемнің екінші ұстазы, ұлы философ әрі ғалым» тақырыбында баяндама жасады. Ол ойшылдың ұстаз, философ және ғалым ретіндегі үш қырына ерекше тоқталды.

Философия ғылымдарының кандидаты, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, Тарих факультеті, Қазақстан халқы Ассамблеясы және әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының меңгерушісі Үмбетхан Қуандықұлы Сәрсембин «әл-Фарабидің Қайырымды қала тұрғындары туралы көзқарастарының қазіргі қоғамда алатын орны» мәселесін қозғады. Ғұламаның әйгілі трактатының философиялық негіздерін атап көрсетті. PhD, Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Әлеуметтік ғылымдар факультеті, Қоғамдық ғылымдар кафедрасының қауымдастырылған профессоры Қайнар Қалдыбайұлы Қалдыбай «Ұлы ойшылдың туған жерге оралуы» баяндамасы арқылы ойшылдың зиратынан алынған топырақты Отырардағы Арыстан Баб кесенесінің жанына әкеліп қойылған бейнесюжеттерді көрсетті. Соңғы баяндаманы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті, Экономика және құқық институты, Философия және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі, PhD Жарқынбек Оралбекұлы Әбікенов «әл-Фарабидің ізгілікті қоғам идеяларын мәдени талдау» тақырыбында жасады.

Дөңгелек үстел жұмысы барысында қатысушылармен сұрақ-жауап, пікір алмасу жүрді. Мазмұнды республикалық іс-шараны техника ғылымдарының кандидаты, Қызылорда «Болашақ» университетінің ректоры Қуаныш Қойшығұлұлы Дауренбеков жүргізді. Аталмыш кездесуді философия магистрі, Қызылорда «Болашақ» университетінің «Жалпы білім беру және құқық» кафедрасының аға оқытушысы Ботагөз Жаппарқызы Паридинова ұйымдастырды.

Әлеуметтік-экономикалық және саяси зерттеулер орталығы

Тағы да оқыңыз: