Kyzylorda-news.kz. «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалының бастамасымен Ұлы жеңіс күніне орай  «Жеңіс үшін мың алғыс Сізге майдангер» атты акция аясында студенттер арасында  өткен «Отан үшін от кешкен батырлардың ұрпағымыз!» тақырыбындағы шығармалар байқауы өз мәресіне жетті.

Студент жастар арасында ұйымдастырылған шараның негізгі  мақсаты оларға  патриоттық тәрбие беру, Жеңіс күнінің тарихын білуге, ата-бабалардың ерлігін құрметтеуге, елі мен жерін қастерлеуге шақыру және отбасылық құндылықтарды дәріптеу,бойына жауапкершілік қасиетті сіңіру.

Байқауға жоғары және орта арнаулы оқу орындарынан 17 студент  қатысты.

Байқаудың әр кезеңіне кәсіби сараптама жасап, баға беру үшін құрылған қазылар алқасы талантты жастар қатары өсіп келе жатқанын ерекше атап өтті. Олардың пікірінше, байқауға қатысушылар  шығарма жазу барысында ойларын шырайлы етіп бейнелей білген.

Шығармалардың барлығы бірінен бір өткен. Ұлы соғыстың және оның майданы мен тылында ерлік көрсеткен ең жақын адамдардың шынайы келбеті бейнеленіп, ондағы кейіпкерлер қатысушылардың мақтан тұтар тегіне айналған. Сонымен қатар,  студенттер Жеңіс күнін неліктен көзді жасқа толтыра тойлайтын мереке екенін түсінгендерін, өз аталарын мақтан тұтатындарын ерекше сезіммен дәріптегенЖұмыстарды оқи отырып, олардың батыр ата-бабасын мақтанышпен жазғандығын сезесің».Әрине,қазылар үшін шын мықтыны анықтау оңайға соқпады. Дегенмен қаламы ұшқыр, сөзі салмақты,- деген шығарма иелерін біз жеңімпаз деп таныдық,- дейді  облыстық партия филиалы жанындағы «Miras» аймақтық қоғамдық кеңесінің мүшесі, Сәрсенкүл Биқожа.

Майдангер аталарын жарыса жазған студенттер арасынан үздіктер қатары да анықталды. І орынды Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті Айгерім Қанжарбаева алса, ІІ орын Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің студенті, қызылордалық Кәрімжан Сәдуге бұйырды.  Ал, ІІІ орынға  Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті Ақназ Декабрьқызының шығармасы лайықты деп танылды.

Жеңімпаздар арнайы алғыс хат және құнды кітаптармен марапатталмақ.

Тағы да оқыңыз: