Әже – ұлттық тәрбие ұйытқысы – Kyzylorda News
Басты бет

Бізге жаңалық жіберіңіз: +7(702)702-76-00

Әже – ұлттық тәрбие ұйытқысы

10.03.2020, 11:40

131 0

Kyzylorda-news.kz. Қазақ қашанда қыз сыйлаған халық, қыздарын төрге отырғызған ел. Қыздарды ерекше еркелетуге тырысқан атамыз «қыз өссе – елдің көркі» деп, олардың сән-салтанатына ерекше мән беріп қараған. Сондықтан қазақ қыздары қадым заманнан бері ел алдына шығып ән айтқан, аламан айтысқа қатысқан.

Ел басына күн туғанда атқа қонып, қоңыраулы найза қолға алып, жұртын жаудан, бауырын даудан қорғаған. Топ жарып, ел басқарған. Ұлы далада сонау Тұмар ханшадан бастап қаншама ханшайымдар өткенін баршамыз білеміз. Бұл дәстүр сабақтастығының жібі үзілмей, бертінге дейін жалғасып келді. Мәселен, Шоқанның әжесі Айғаным анамыздың даналығы аңыз болып тарады. Домалақ ана сияқты әз-аналар елдің ұранына айналды. Тұтас ру-тайпалар есімін иемденген аналарымыз да бар. Сондықтан қазақ ұғымында ана – асыл адамға, әйел – әулиеге баланды. Тараз топырағында Айша-бибі анамызға салынған кесене немесе біздің бабаларымыз тұрғызған әйгілі Тәж-Махал осының айқын айғағы. Осыдан-ақ ананы ұлықтаудың озық үлгісін көруге болады. Түптеп келгенде, әлем жұртшылығы қызды сыйлауды, ананы ардақтауды бізден үйренуі керек.

Біз ұлттың тілін «ана тілі» дейміз. Шыр етіп дүниеге келгенде тілімізді, асылымызды, бар болмысымыз бен ізгі қасиетімізді ана сүті арқылы бойымызға сіңіреміз. Сондықтан заңғар жазушы Мұхтар Әуезов «ел болам десең – бесігіңді түзе» деп текке айтпаса керек. Өйткені ұлттық тәрбиенің көзі – отбасы екені белгілі. Ал осы отбасындағы тәрбиенің ұйтқысы да – әдетте, әжелер еді. Ауылды ақсақал билесе, отбасындағы тәрбиеге әжелер жауапты болды. Ақ жаулықты әжелер баланы жастайынан бауырына басып, оның бойына там-тұмдап ұлттық құндылықтарды сіңіре білді. Міне, осыдан келіп, қаршадайынан әженің әсерлі әңгімелері мен елтитін ертегілерін тыңдап, солар арқылы халықтың сан ғасырлық мұраларын бойына сіңіріп, уызға жарып өскен азаматтар қалыптасты. Мысалы, Абай, Ыбырай, Шоқан, Мұстафа немесе өзге де ұлт ұйытқысы болған ұлы тұлғаларымыздың қай-қайсысын алсақ та, бәрінің әже тәрбиесін көріп өскенін байқауға болады. Біз өзіміз де әжелердің әлдиімен ертегісін естіп өскен ұрпақпыз.

Ал қазір жалпы «әже» деген сөздің өзі біздің сөз қолданысымыздан шығып бара жатқан сияқты. Немере-шөберелерінің тілдері келмей «ажеке» атанғандарды да көріп жүрміз. Осылайша, ұлттың тәрбие мектебі болған «әжелер институты» жойылып барады. Ақ жаулықты тек Наурыз сияқты мереке күндері ғана тартатын немесе «ән айтатын» әжелердің жаңа легі қалыптасты. Бүкіл ауылға бас болып отырған дуалы ауыз ақсақалдардың бүгінде сирек те болса бар екені сияқты, отбасының ұйытқысы болып отырған әжелер әлі де кездеседі. Оны жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен, жалпы алғанда, немерелерімен бірге түрлі сериалдар қарайтын, соған еліктейтін кейбір «әжелер» бүгінде бесік жырын айта бермейді, ал тәрбиелік мәні зор небір аңыз-әңгімелер мен ертегілердің ұмытылғаны қашан. Әжелер жасайтын құрт пен көжені аңсайтынымыз, басылмай қалған текемет пен кілемді іздейтініміз де сондықтан шығар, сірә. Ендеше, бүгінгі күні ұлттық тәрбиеміздің жұтаңдануын әжелер бейнесінің көмескі тартуымен де байланыстырып қарауға болатын сияқты.

Расында, балабақшада жүріп ертегі естімеген, батырлар жырын тыңдамаған, өзге тілде шүлдірлеп тілі шыққан бала қалай қалыптасады? Адам мінез-құлқының, табиғатының, қабілеті мен қасиетінің сәбилік шағында, 5-7 жасында қалыптасатынын ескерер болсақ – бұл өте өзекті сұрақ. Осыдан соң бала ержете келе «Ұрпақ неге азып барады?», «Өскелең жас ұрпақ неге ұлттық дәстүрлерден жұрдай?» деп жастарды орынсыз кінәлауға бейім тұрамыз. Шындап келгенде, мұның түп-төркінінде отбасында әже тәрбиесін, ана өнегесін ақсатып алғанымыз жатқан жоқ па?

Қоғамды дәстүрлі құндылықтар сақтайтыны белгілі. Ал бізде ұлтты ұйытатын осындай құндылықтардың сетінеп бара жатқанын мойындауға мәжбүрміз. Бұл ретте, қастерлі құндылықтардың бірі ретінде «әжелер институты» заманға сай қайта жаңғырса деген тілегіміз бар: балабақшаларда ақжаулықты әжелеріміз бүлдіршіндерге ертегі айтып отырса, мемлекет ұлттық қолөнерді дамытуға жағдай жасап, ісмер әжелеріміз текемет басып, кілем тоқуды, сол сияқты көптеген ұмытылған салт-жоралғыларды жастарға үйрете бастаса – ана тіліміз өркен жайып, көптеген игі дәстүрлеріміздің де қайта жанданары анық. Иә, бүгінгі бесікті түзеу – елдің ертеңін күзетудің басы екенін ұмытпайық!  

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ

EGEMEN QAZAQSTAN

0

Пікір қалдыру