**[Kyzylorda-news.kz.](https://kyzylorda-news.kz/) Қызылордада бес жастағы баланы қағып өлтірген көлік жүргізушісі 1 жыл 6 айға сотталды.** Бұл қайғылы жағдай биылғы жылдың шілде айында Қызылорда қаласына қарасты Досан ауылында болған. Кешкілік ВMW-520 маркалы автокөлігінің иесі жолды кесіп өтпек болған бүлдіршінді қағып өткен. Жол-көлік оқиғасы салдарынан бүлдіршін облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөлімшесінде есін жимаған күйі қайтыс болған. > _«Осы оқиға бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігімен қылмыстық іс тіркеліп, тергеп-тексеру амалдары жүргізілген, іс сотқа жолданған. Онда абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекетті жасау жағдайы көрсетілген. Қылмыстық құқықбұзушылығы толығымен дәлелденді. Күдікті ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танылды. Қызылорда қаласының №2 сотының үкімімен ол 5 жыл мерзімге көлік құралын жүргізу құқығынан айырыла отырып, 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына сотталды», – деп мәлім етті Қызылорда қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры Қуаныш Назар._