Kyzylorda-news.kz. Екі жыл бұрын басталған дәстүр бұл. Әлі есімде. Облыстық мәслихат депутаты, «Nur Otan» партиясының мүшесі Аманжол Оңғарбаевтың басшылығымен «Сыр медиа» ЖШС қызметкерлерінен жасақталған топ Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасы аясында Сыр бойындағы киелі жерлермен танысып, насихаттауды қолға алғаны бар. Бас директор Аманжол Сақыпұлының өзі бастап, әсіресе, жас тілшілерді бұл сапарға ерте шығуы көңіл қуантты.

Жазғы мезгіл. Ысыған уақыт басталғалы ысылдаған құм арасынан қазақтың өткенін білсек деген өлермендікпен апталап жүрсек те, бұл сапарға өкінген ешкім жоқ шығар. Бастысы, тарихи тұлғалардың өмір жолы мен ерлік ісі, елге деген қызметіне қатысты көрген-білгенімізді қағазға беттеп, «теңізге қосқан тамшыдай» болса да үлес қосуды өзімізге парыз санадық. Әрі солай еттік те. Ойға түйіп, параққа түсірген жазбалар облыс пен аудандық басыламдарда жарық көрді.

Сол уақытта сапар басын Отырар ауданындағы Арыстан бабтан бастауды жөн көрдік. Облыс статусын алған ежелгі қалада құрылыс қарқынды жүріп жатқан уақыт. Қала ішіне аралап, Отырар ауданына түсер автожолға дейінгі біздің байқағанымыз осы болды. Одан соң 50 шақырымнан әрі жатқан Шәуілдірдегі Арыстан бабтың мекенінде ұзақ аялдағанымыз бар. Дұрысы, осында қондық. «Арыстан бабқа түне, Қожа Ах¬меттен тіле» деген сөзді сіз де естігенсіз. Қазақылықтан аттамадық солай.

Айтпақшы, жеті жерде жайы бар әулиенің Арал ауданында да қорымы бар. Кесене емес, ақ тастармен қоршалған, төрт құлақты там ғана. Жергілікті жұрт мұнда Арыстан бабтың өзі жатқанына шүбәсіз сенеді. Сапар барысында ол жерді де көзбен көрдік. Әдетте, зиярат етуге ниет еткен азаматтар рухани астанамыз – Түркістанға жақын орналасқан Арыстан баб кесенесіне арнайы ат басын тіреуге тырысатыны рас. Әрі ондағы арасы жиі шоғырланған киелі орынның көптігі де себеп шығар. Біз сол уақытта көргеніміз бен түйгенімізді саралай келе, баба жатыр деген сенімдегі қос мекеннің ахуалын қаз-қалпынша газет бетіне жазуға тырыстық. Әсіресе, «Аралдың Ақирегінде жатқан киелі мекенді гүлдендіріп, туризмнің дамуына дем беруге болмас па?!» деген ой келе берді басымызға. Бұл Елбасы көтерген рухани жаңғыруға үн қосатын игілік, шын мәнінде. Әлі де Арал топырағына табаның тие бере дәл алдыңнан көрінер Арыстан баб әулиенің кесенесі мен жан-жағын көркейтуді тиісті орындар назарға алса, мұндағы ат басын тірейтін ағайынның қарасы тіпті көбейеді деген сенім зор.
Қош, біз бұдан бөлек Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне соғып, ежелгі қала Сауран мен Сығанақта болдық. Бұдан бөлек, Шиеліде орналасқан үлкен зиярат кешеніндегі бабалар рухына құран бағыштадық. Мұнда қазақтың жеті әулиесі, сөзге шешен датқалары, батырлары жатыр. Экспедиция барысында осы әулиелер мекеніне де бас сұғып, бабалар рухына тағзым еттік.

Қазақта үш жүзге пір болған Мүсірәлі сопы әзизден кейінгі діни қайраткер ретінде Марал ишанның аты белгілі. Ал, аңыз айтатын үш жүзге пір болған, жеті өлікке жан берген сопы әзиз Мүсірәлінің «тоқсан түйе томардың үстінде күймей», хан кеңесіндегі пір сайлау сынағынан өткен кереметі тіпті бөлек әңгіме. Біз айтып отырған Марал баба Құрманұлының Сыр өңірі, одан қалды, қазақ рухания¬тында айрықша орны бар. «Сыр медиа» ЖШС-ның арнайы тобы Қармақшы жерінде де болды. Қорқыт баба мәңгілік мекен тапқан өлкеден тұтас елге белгілі дарынды ұл-қыздың шыққаны аян. Киелі топыраққа қадам басып тұрып, әуелі дүние тылсымын қобыз сарынына сыйғызған баба басына да, ишан жатқан мекенге де барғанбыз.

Сол жаздағы ерекше сапар Қазалы топырағында жалғасқан. Өзіміз атын естіп, сырттай қанық болғанмен, Қызылқұмның әр түкпіріндегі бұрынғы киелі кісілердің жатқан жайын осы жолы көзбен көргенбіз. Нақты мақсат та осы еді ғой. Олар кімдер десеңіз, аруақты Жанқожа баба, үш жүзге пір болған Мүсірәліұлы Қосым, мың баламен Бұланты шайқасында жоңғарды қырған Сартай батыр… Тізім жалғаса береді.

Сырдың бойын қасиет қонған һәм киелілер жатқан мекен деуіміздің де себебі осында. Әлі де қарт Қаратаудан бастап Аралдың кең атырабына дейінгі аймақта бүгінгілер білмейтін һәм білуге тиісті қанша құндылық жатқанын ешкім тап басып айта алмайды. Біз аймақтың бір бөлігін ғана шарлап шықтық. Бармаған, көрмеген нысандар қаншама?! Рас, бұған дейін атқарылған жұмысты да жоққа шығара алмаймыз. Біздің ежелгі кесенелер мен көне қалалар орны өзгелер тамсанатын Рим, Мысыр, Қытай өркениеттерімен иық тіресіп, шежірелі тарихтан сыр шерте алатыны анық. Бір қуанарлығы, біздегі барлық құнды жәдігер мемлекет бақылауына өтіп, қамқорлыққа алынды. Бұны ұлт мұрасына адалдық танытып, көне тарихымызды жаңғыртуда атқарылған көптеген нәтижелі істің арқасы деп білеміз.

Осындай шежірелі ескерткіштеріміз жайлы жазу үстеліне отырмас бұрын, олардың нақты мекен-жайына барып, көзбен көріп, көңілге түю бөлек дүние. Айтқандай, облыстық мәслихат депутаты, «Сыр медиа» ЖШС басшысы Аманжол Оңғарбаевтың ұйымдастыруымен құралған шығармашылық топтың киелі жерлер мен тарихи мекендерге сапары әлі де жалғасатын болады. Бұл – жаңғыру жолы. Бұл – «көрсем», «білсем» деп құмартқан кейінгі буынға деген рухани қазына.

Ержан ҚОЖАС

Тағы да оқыңыз: