Kyzylorda-news.kz. Қызылордағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеу экспедициясы мәресіне жетті. Алты күн бойы мектептің 9-сынып оқушылары Сыр өлкесіне саяхаттап, туған жердің ғажайыптарымен танысты.

Сырдария өзенінің бойында орналасқан үш көне мемлекет – Қыпшақ хандығының астанасы – Сығанақ, Оғыздардың мекені – Янгикент және Қоқан ханы салғызған Ақмешіт бекінісінің қалыптасу кезеңдерін көзбен көру үшін қатысушылар экспедицияның әрбір күнінде жүздеген шақырым жерді жүріп өтті.

Бағдарлама бойынша Қызылорда облысының Қазалы, Қармақшы, Шиелі және Сырдария аудандарына саяхаттар ұйымдастырылып, сол жердегі тарихи нысандармен және киелі орындармен таныстырылды. Жас зерттеушілер құнды деректерден сыр шертетін аймақтарды аралап, болашақ зерттеу жұмыстарына қажетті тың мәліметтерді жинақтады.

Экпедицияның алғашқы күні – Қазалы ауданының тарихи-өлкетану музейінен басталды. Оқушылар аудан тарихын бейнелейтін залдарда болып, көне жәдігерлерді тамашалады. Қоқандарға қарсы тұрып, ұлт-азаттық көтерілісінің қолбасшысы болған Жанқожа батырға арналған кесенесіне барып, тұлғаның өмірі туралы құнды деректерден танымдық-тәрбиелік білім алды. Содан соң елдік мұрат жолында ерлігімен танылған Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейіне экскурсия жасады. Жарты ғасырға жуық тарихы бар орталықта оқушылар қоғам қайраткерінің балалық шағынан бастап, оның білім алған кезеңдері, қоғамдық істерге атсалысу жолындағы атқарған жұмыстары жайлы тың мәліметтер жинақтады.

«23 жыл ғана өмір сүрген Ғани Мұратбаевтың жастардың болашағы үшін жасаған ерен еңбегіне тәнті болдым. Әсіресе ата-анасыз қалған балалардың білім алуы үшін интернат үйіне жатқызып, қоғамдық істерге араласуына дейін қолдау жасаған еңбегімен елдің ерекше құрметіне ие болған. Бүкіл қазақ жастарының басын қосып, қоғамдық-саяси істерге араласуына себепкер болған тұлға Ғани ағамыздың Сыр өңірінен шыққаны мақтаныш сезімін оятты», – дейді жас экспедицияшы Айхан Орынбай.

«Рухани жаңғыру» жолымен жас өрендер кезінде Хиуа мен Қоқан саудагерлері қоныстанған Ғанибайдың керуен сарайында, одан кейін кітапханаға айналған мәдени ескерткіште болып, атақты саяхатшы Семенов-Тян-Шанский сыйға тартқан кітаптармен танысты.

VII ғасырда өмір сүрген тұтас түркі халқының ардақ тұтар абызы – Қорқыт бабаның кешені де экспедициялық топтың ерекше назарына ілікті. Дала данагөйінің өмірі мен тіршілігін бейнелейтін қасиетті ескерткішті аралап, сан ғасырлық тарихқа көз жүгіртті. Оқушылар 12 метрлік қобыз тәрізді ерекше құрылысты тамашалап, соққан желге үн қосатын қобызда орындалатын әдемі әуенді тыңдап, мәңгілік өмір өнерде ғана болады деген философияны әкелген Қорқыт жайлы қызықты деректермен танысты.

«Бұл сиқырлы әуенді естігенде, өзінің сүйікті аспабы – қобызда Қорқыттың ойнап тұрған сәті көз алдымызға шығады және бұл сазды дыбыс келушілерге ерекше әсер қалдырады», – дейді 9-сынып оқушысы Сырсұңқар Базарбайұлы.

Мемориалдық кешенде орналасқан мұражайдағы экспонаттар арқылы жас зерттеушілер Қорқыт бабаның дәуіріне қайта оралды.

ТЕТ маршруты бойынша жас зерттеушілер бірнеше ғасырлар бұрын тасқа салынған таңбалы суреттер сақталған Сауысқандық шатқалында болды. Мұндағы тас дәуірінен қалған «сурет галлереясы» Қазақстан жерінде табылған ең көне тарихи ескерткіш. Оқушылар тау жоталарының түзілістері мен топырағына зерттеу жүргізіп, ежелгі адамдардың мәдениетін бейнелейтін ескерткіштердің сырына қанықты.

«Антропогенді, техногенді және табиғи факторлар петроглифтердің жойлуына әсер етуде. Сондай-ақ шатқалының қасында орналасқан ванадий өндіру процесі де кері әсерін тигіуде. Сондықтан тез арада жойылудан қорғау кешенді шараларын қолдану қажет» , – дейді экспедицияның қатысушысы Уәлихан Ибадулла.

Әрі қарай топ мүшелері көне тарихтың теңдессіз ескерткіші, ортағасырлық Сауран қалашығына табан тіреді. Ақ орданың астанасы болған Ұлы жібек жолындағы ірі сауда орталығы ретінде тарихта сақталған. Жас экпедицияшылар қалашық орында қираған қамалдан қалған үйінділерді зерттеп, шахардың архитектурасымен танысты.

Сонымен бірге оқушылар Қазақстанның ең көрікті әрі абаттандырылған ауыл – Нағи Ілясов елді-мекенінде болып, өркендеген ауыл халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысып, ауыл орталығындағы су бұрқақтарды тамашалады. Ал Қызылорда облысының орталығында оқушылар әртүрлі салалардағы зауыттарға барып, өңірдің өндірістік-экономикалық дамуы жайлы деректер жинады.

Облыстық тарихи-өлкетану мұражайы, «Ақмешіт» музейі, «Көркем сурет галлереясы», «Рухани жаңғыру» орталықтарында орналасқан тарихи жәдігерлер қатысушылардың білімдерін толықтырып, туған жеріне деген құрмет сезімдерін оятты.

«Ежелден Сыр өлкесі тарихи мекен екенін дәлелдейтін бұл жобада оқушылар Отанға деген сүйіспеншіліктерін арттырып қана қоймай, ғылымға бет бұрып, зерттеушілік дағдыларын дамытты», – дейді экспедициялық топ жетекшісі, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гаухар Мананбай.

Тағы да оқыңыз: