«Тұлпар мініп, ту алған!»: Қызылорда қаласы бойынша жеңімпаздар анықталды – Kyzylorda News
Басты бет

«Тұлпар мініп, ту алған!»: Қызылорда қаласы бойынша жеңімпаздар анықталды

25.10.2021, 15:00

508 0

Kyzylorda-news.kz. «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының Қызылорда қалалық кезеңі бойынша жеңімпаздар анықталды. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Студенттер сарайында өткен байқауда Қызылорда қаласы мектептері бойынша 100-ге жуық оқушы бақ сынады.

Жоба барысында «Nur Otan» партиясы Қызылорда қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шәріп Әбдірахманов сөз сөйлеп, байқаудың маңыздылығына тоқталды.

«Қазіргідей бала санасының әр талшығын бүкілғаламдық тор шеңгелдеп тұрып шырмап алған кезеңде оның тарихи, көркем, пәлсапалық маңызын ұмыттырмай, бабалар аманаттап кеткен жәдігердің әр жолын көздің қарашығынай сақтап, бойға сіңіру өте маңызды. Тегеурінді технологияның тасасында қалып бара жатқан ауыз әдебиетінің інжу-маржаны ендігі жерде ешкімге де қажет емес деп қарайтындар бар. Ендеше эпостық жырға, батырлар жырына құрметті арттыру үшін ынталандырып жаттатудың, қызықтырып оқытудың әдіс-амалдары қарастырылғаны жөн. «Тұлпар мініп, ту алған» ұлттық жобасы осындай мақсатпен қолға алынған.  Жобаның қалалық және аудандық кезеңдері 25-29 қазан аралығында өтеді. Байқауды «Qazaq Epos» қоғамдық қоры «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы, облыстық білім басқармасы және «Дарын» қосымша білім беру орталығымен бірлесе отырып ұйымдастыруда», – деді Шәріп Әкбарұлы.

Сондай-ақ, қалалық білім бөлімінің басшысы Динара Баймырзаева талапкерлерге сәттілік тіледі.

«ҚР Білім министрлігінің «Оқуға құштар мектеп» жобасы барлық мектептерде жүргізіліп келеді. Жоба аясында балалар өлеңдерді жатқа оқып, қосымша әдебиеттермнн танысып жатыр. Көптеген іс-шаралар өтуде. Мектептердің кітапханадарында буккросингтер әзірленді. Бұл жұмыстар балаларды кітап оқуға ынталандыру үшін жасалып жатқан жұмыстар. Бүгінгі байқауға қатысып жатқан 93 баланың барлығы да біз үшін жеңімпаздар. Сіздерге сәттілік тілеймін», – деді ол.

Байқауға «Nur Otan» партиясы Қызылорда қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шәріп Әбдірахманов, балалар ақыны Рахат Наурызбаева, жыршы, Тұрмағамбет атындағы өнер мектебінің директоры Берік Саймағамбетов, әлеуметтанушы Нұрсұлтан Қаражанов, «Сыр дидары» газетінің бас редакторы Сәкен Алдашбаев, А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйі жанындағы «Қауырсын» жас ақындар үйірмесінің жетекшісі Мамыр Байдәулетов, жыршы Серік Жақсығұлов қазылық етті.

Байқаудың қорытындысы бойынша, қазылар шешімімен, Қызылорда қаласы бойынша келесі оқушылар жеңімпаз атанды:

1 орын(150 мың теңге) – №271 орта мектептің  7-сынып оқушысы Жаннұр Аман, дайындаған мұғалімі Гайнегул Аймыратова;
2 орын(100 мың теңге) – №187 мектептің  8-сынып оқушысы Жансая Төлеп, дайындаған мұғалімі Баян Мұрынбаева;
3 орын(50 мың теңге) – №189  мектеп гимназиясының 8-сынып оқушысы Аяулым Мұханбетжан, дайындаған мұғалімі Анар Баймаханова.

Байқау жеңімпаздарына жүлделерін қала әкімінің орынбасары Бектас Нуридинов табыстады.
Барлық қатысушылар дипломдармен марапатталып, үздік үштіктен көрінген қатысушылар байқаудың облыстық кезеңіне жолдама алды.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Nur Otan» партиясы, ҚР Білім және ғылым министрлігі және «Qazaq Epos» қоғамдық қоры бірлесе отырып «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауын жариялаған болатын.

Байқау 6-10 сынып оқушылары арасында «Едіге батыр» жырын жатқа айтудан өтеді. Қатысушылар қосымша Алтын Орда мемлекетінің тарихи оқиғаларына қатысты сұрақтарға жауап беруі тиіс.

Байқауға облыс бойынша 662 мұғалім дайындаған 713 оқушы қатысуда. Ертең, яғни, 26 қазан күні жоба Жаңақорған және Шиелі аудандарында жалғасады.

0

Пікір қалдыру