Kyzylorda-news.kz. «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының облыстық кезеңі басталды. Байқау Қызылорда қаласы Достық үйінде өтуде.

Өскелең ұрпаққа бағзыда өткен бабаларының батырлық жолын ұсынған, ұлтымыздың эпикалық санасын жаңғыртуды мақсат еткен «Тұлпар мініп, ту алған!» жобасының облыстық қорытынды кезеңі басталды.

«Ұлы даламыз кейде ашық жатқан жыр кітабы сияқты болып та көрініп кетеді. Жадыңды жаңғыртып, дұрыстап, жақсылап оқи алсаң, жан дүниең жадырап,бабалардың баянды үнін, тарихтың тылсым сырын, туған еліңнің мәңгілік жырын қайыра естіп, байтақ әлемге құлашыңды кең жайғандай боласың» – деген Елбасымыз. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы аясында басталған айтулы шара биыл Сыр елі, жыр елі Қызылорда өңірінде екінші рет өтіп жатыр.

Байқаудың облыстық кезеңінің ашылуында «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ләйлә ТӨРЕШОВА және облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира ҚАСЫМОВА құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

«Алпамыс» дастанынан басталған жоба былтыр көлемді «Қобыланды батыр» жырына жалғасты. Биыл «Едіге батыр» жырын жатқа айту бойынша өткізіліп отыр. Байқауды «Qazaq Epos» қоғамдық қоры «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы, облыстық білім басқармасымен бірлесе отырып ұйымдастыруда.

Байқау 6-10 сынып оқушылары арасында «Едіге батыр» жырын жатқа айтудан өтуде. Қатысушылар қосымша Алтын Орда мемлекетінің тарихи оқиғаларына қатысты сұрақтарға жауап беруі тиіс.

Байқауға «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ләйлә ТӨРЕШОВА, облыстық білім басқармасы басшысы Ақзира ҚАСЫМОВА, жазушы, журналист, облыстық партия филиалы жанындағы «Miras» аймақтық қоғамдық кеңес мүшесі Қаршыға ЕСІМСЕЙІТОВА, тарих ғылымдары кандидаты, аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығының директоры Уәлихан ИБРАЕВ, ақын, облыстық «Жастар ресурстық орталығы» директорының орынбасары Мақсат ДАУЫЛБАЙ, филология ғылымдарының кандидаты, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының доценті Ұлжан ЖАҢБЫРШИЕВА, жырау, Қармақшы аудандық «Жыраулар үйі» директорының орынбасары Бидас РҮСТЕМБЕКОВ қазылық етуде.

Облыстық кезеңде оқушылар алдын ала өткізілген жеребе бойынша жұптасып, өнер көрсететін болады.

Айта кетейік, бұған дейін байқаудың қалалық, аудандық кезеңдеріне облыс бойынша 662 мұғалім дайындаған 713 оқушы қатысып, жүлделі орындарға ие болған 24 оқушы облыстық кезеңіне жолдама алған болатын.

Аудандық-қалалық кезеңде І орын еншілегендерге 150 мың, ІІ орын 100 мың, ІІІ орын иегерлеріне 50 мың теңгенің сертификаты табысталды.

Облыстық кезеңде үздік шыққан І орын иегеріне 750 000 теңге, ІІ орынға 350 000, ІІІ орын үшін 200 000 теңге қаржылай сый беріледі. Облыстық деңгейдегі жеңімпаз оқушылардың мұғалімдеріне де сый қарастырылған: І орынға 1 500 000 теңге, ІІ орын иегеріне 700 000, ІІІ орынды еншілеген қатысушының мұғаліміне 400 000 теңге беріледі.

Тағы да оқыңыз: