Kyzylorda-news.kz. «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының Сырдария аудандық кезеңінде Ақжарма ауылы, Абай атындағы №130 орта мектептің 8-сынып оқушысы Сағындық Балғабайұлы жүлделі екінші орынды иеленіп, байқаудың облыстық кезеңіне жолдама алды.

«Едіге батыр» жырын бір айда толық жаттап алып, өнерімен дараланған талапты жас байқауға дайындық барысыңда есекру қажет нәрселерді айтты.

– Біріншіден, жырды толығымен жаттау керек, қайта-қайта қайталап отырмаса, тез ұмытылады. Ескерерлік жайт, жырды жаттау кезінде «Қай жерден қателесіп кеттім, қай жерде мүдірдім?» деп өзіңді бақылап отыру мыңызды, жырдың әрбір сөзіне мән беріп, дұрыс жаттауды қалт жібермеу керек. Кейбір қатысушылар жырдағы жолдар мен сөздердің орындарын ауыстырып қолданып жатты, бір жолын айтып келе жатып, мүлде басқа бетке ауысып жатты. Егер бәріне мұқият қарасақ, мұндай кемшіліктерге жол бермейміз, – дейді ол.

Байқауға дайындаған ұстазы Роза Қараеваның айтуынша, Сағындық жырдан бөлек қазақ ақындарының, оның ішінде Абай Құнанбайұлының көптеген өлеңдеріне жатқа біледі.

– Сағындық оқу озаты. Түрлі деңгейдегі сайыстардың, Абай оқуларының жеңімпазы. Биыл үшінші рет өтіп жатқан «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауы осындай зерек балалардың талантын аша түсу, оларды ынталандыру үшін үлкен мүмкіндік деп ойлаймын. Аудандық кезең жоғары деңгейде өтті. Қатысқан 53 баланың барлығы жақсы дайындалғаны көрініп-ақ тұр. Бәсегеге толы, тартысты әрі күрделі болды. Енді аймақтық кезең алдында дайындығымызды тағы бір пысықтайтын боламыз, – дейді Роза Қараева.

Тағы да оқыңыз: