«Рухани қазына»: Аралдағы балықшылар музейі үздіктер қатарында – Kyzylorda News
Басты бет

«Рухани қазына»: Аралдағы балықшылар музейі үздіктер қатарында

23.05.2022, 10:37

1279 0

Kyzylorda-news.kz. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі 21 мамырда Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай қасиетті Түркістан қаласында мәдениет және өнер саласының ұйымдары мен қызметкерлерінің «Рухани қазына – 2022» фестивалінің жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттады.

Біздің анықтама. Қазылар алқасы еліміздің 17 өңірінен келіп түскен кітапхана саласы бойынша – 125 өтінімді, мәдени ойын-сауық саласы бойынша 87 өтінімді, музей саласы бойынша 73 өтінімді қарастырды.

Бір аптаға созылған байқау нәтижесі бүгін ресми жарияланып, фестивальдің 44 жеңімпазы арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев фестивальге қатысушыларды марапаттау рәсімінде сөз сөйлеп, мәдениет және өнер саласының қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.

Бұдан бөлек, Фестиваль жеңімпаздарын Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет комитетінің төрағасының орынбасары Күміс Сейітова, «Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры, қазылар алқасының төрағасы Бахытжамал Оспанова, «Бозоқ» Мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының директоры қазылар алқасының төрағасы Сәуле Бөрібаева, «Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрадалық-цирк колледжі» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазылар алқасының төрағасы Жеңіс Сейдуллаұлы, Дәстүрлі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ардақ Балажанова марапаттап, қаржылай сыйлық табыстады.

Сыр өңірінен Қызылорда облыстық тарихи- өлкетану музейінің филиалы Арал ауданық тарихи-өлкетану музейінің, Балықшылар бөлімі «Үздік аудандық (қалалық) маңызы бар музей» номинациясы бойынша 1 000 000 (бір миллион) теңгені жеңіп алса, «Үздік аудандық (қалалық) мәдениет үйі, мәдениет сарайының қызметкері» номинация бойынша Жалағаш аудандық мәдениет үйі жанындағы «Алтын-Арай» ән-би ансамблінің жетекшісі Бурабай Руслан Әбдібекұлы 500 000 (бес жүз мың) теңгені еншілеп қайтты.