Kyzylorda-news.kz. Қызылордада ұлттық педагогикаға елеулі үлес қосқан, 20 жыл білім саласын басқарған, педагог Уәли Төреалиевті еске алуға арналған арнайы кездесу ұйымдастырылды. Білім басқармасының ұйытқы болуымен өткен кездесу ұрпақтар сабақтастығына арналды.

М.Мәметова атындағы жоғары педагогикалық колледжде өткен басқосуда Уәли Төралиевпен бірге қызмет атқарған сала ардагерлері, білім саласының жанашыр азаматтары естеліктерімен бөлісіп, қайраткерге құрметін жеткізді. Кездесуге шақырылған Уәли Төрәліұлының інісі Кәрімбек Төрәліұлы және шәкірттері, замандастары Қ.Төрәлиев, А.Божанова, Қ.Құдайбергенов, А.Шуренов, К.Ермағамбетова, С.Желдербаевалар ұлағатты ұстаздың ғибратты өнегелі жолын сөз етті.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов ұлттық құндылыққа негізделген ұрпақтар сабақтастығының маңызы, аймақтың білім саласына зор үлес қосқан ұлағатты ұстаздың білім саласындағы орнын айрықша атады. Ал, білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова Уәли Төреалиевтің білімдегі бастамалары мен айрықша ілімге салған жолдарын жеткізді.

Рухани басқосуда М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық колледжінің жас ақындары ұстаз рухына арналған «Арнау-өлең» оқып, ҚР Мәдениет саласының үздігі, ақын – жырау Рахметов Айдос Сәндібекұлы «Арнау – терме» орындады.

Кездесу соңында ұлағатты ұстаздың құрметіне орай өткізілген эссе сайысының жеңімпаздары марапатталды.

Айта кетейік, парасатты тұлға Уәли Төралиевті келешек ұрпақ жадына жаңғырту мақсатында түрлі деңгейде шаралар мен тәрбие сағаттары өткізілуде. Мәнерлеп оқу сайысы, эссе байқауы, спорттық сайыстардың жеңімпаздары арнайы сыйақылармен марапатталады.

Сыр елінің педагогика саласына елеулі үлес қосқан Уәли Төреалиевтің еткен еңбектері мен өнегелі өмір жолы жинақталған арнайы жинақ шығарылмақ.

Тағы да оқыңыз: