Kyzylorda-news.kz. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Мұстафа Шоқай – түркі халықтарының азаттығы мен бірлігі жолындағы қозғалыстың көшбасшысы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. 

ZOOM платформасында өткізілген конференция ғылыми кітапхананың дәстүрлі және виртуалды көрмесімен сүйемелденді.

Конференцияға қатысқан спикерлер арасында Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Н.Байқадамов, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры Б.Кәрімова, ҚР ҰҒА академигі, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры М.Қойгелдиев, ҚР ҰҒА академигі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, Д.Қамзабекұлы, Стамбул Мимар Синан университетінің профессоры Әбдіуақап Қара, Өзбекстан Ғылым академиясы тарих институтының аға ғылыми қызметкері, профессор Раджабов Кахрамон, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті «Мұстафа Шоқай» ғылыми орталығының ғылыми жетекшісі, профессор Б.Әбдіжәлел, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, Т.Хазретәлі, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті «Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Ғ.Тұяқбаев болды.

Конференция барысында түркі халықтарының бірлігі мен азаттығы жолындағы күреске саналы ғұмырын арнаған Мұстафа Шоқайдың өмірлік жолына, саяси-қоғамдық еңбегіне жан-жақты шолу жасалды.

Атап айтқанда, Д.Қамзабекұлы Мұстафа Шоқай мен Смағұл Сәдуақасұлының сабақтастық тағылымы туралы баяндамасында ұлт жанашырларының еңбегі жан-жақты зерделенді.

 Сонымен қатар Мұстафа Шоқай мен әулетіне кеңес үкіметі жасаған қиянат жайында талқыланып, оның Еуропадағы ел тәуелсіздігі жолындағы күресі туралы толыққанды ақпарат берілді.

Өзбекстандық ғалым К.Раджабов сөз барысында Шоқайдың еңбектеріндегі кеңестік жүйеге қарсы қарулы күрес мәселесіне қатысты ой толғап, тарихи деректерден мысалдар келтірді.

Әзірбайжандық ғалым Дилгам Ахмад баяндамасын Мұстафа Шоқайдың Әзірбайжанға саяси эмиграциясы кезеңіне арнады. Ғалым Шоқай мен өз елінің азаттық күрескерлері арасындағы тығыз саяси байланыс пен ұлт бостандығы жолындағы мүдделерінің үндесуі мен жақындығын ерекше атап өтті.

Шараға қатысушылар конференция барысында Шоқай мәселесіне қатысты өз пікірлерімен бөлісіп, ойларын ортаға салды.

Сонымен бірге, қатысушылар тарапынан берілген ұсынымдар арасынан Қызылорда облысы Шиелі ауданына Мұстафа Шоқай есімін беру мен аймақтағы жоғары оқу орындарының үздік оқитын студенттеріне «Мұстафа Шоқай» атындағы арнаулы стипендия тағайындау мәселелері көпшіліктің көңілінен шықты.

Университет ректоры Бейбіткүл Кәрімова шараны қорытындылай келе, бүгінгі қоғам өткен тарихтан сабақ алып, ұлтымыздың біртуар тарихи тұлғаларын танудың маңыздылығын баса айтты.

Тағы да оқыңыз: