Kyzylorda-news.kz.  Жалағаш ауданында отбасылық құндылықтарды насихаттау, гендерлік саясатты жүзеге асыру мақсатында Қызылорда облыстық әйелдер кеңесінің ұйымдастыруымен тағылымды шара өтті. Жалағаш ауданынан түлеп ұшып, бүгінде өңірде жауапты қызмет атқарып жүрген және өз саласы бойынша ұзақ жылдар абыроймен қызмет атқарып, зейнет демалысына шыққан қыз-келіншектер еліне төркіндеп келіп, туған жеріне тағзым етті.

Іс-шара барысында құрметті қонақтар алдымен аудандық тарихи-өлкетану музейіне барып, туып-өскен жерінің тарихына қанықты. Одан соң Ш.Ермағанбетова атындағы №246 мектепте аудан тұрғындарымен кездесті.

Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Еспенбет қатысты. Алдымен сөз алған Қызылорда облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Байназарова іс шараның негізгі мақсатына тоқталды. Сондай-ақ еңбек ардагерлері Гүлсара Қуандықова және Қазына Өзденбаевалар өздерінің еңбек жолдары жайында әңгімелеп, қызықты шақтарын еске алды.

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары елдің аузынан түспеген “Тракторшы Гүлсара” әнін бүгінгі жастар білмегенімен, сол заманның өкілдері жақсы біледі. Гүлсара, Қазына апаларымыз ауыр жүк көліктерін тізгіндеп, еңбек майданының бел ортасында жүрді. Бірі трактормен, бірі “ЗИЛ” жүк көлігімен күні-түні жол жүріп Қызылқұм, Қарақұмдағы малшыларға қажетін жеткізіп берді, одан бөлек, егіс даласындағы еңбекшілерге ер азаматтармен бірдей қызмет еткені бүгінгі жастарға үлгі, өнеге десе болады. Сонымен бірге шара барысында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Рабиға Игенбаева аудан жастарын ғылыми зерттеулерге және ізденістерге баулу бағытында өзінің ұзақ жылғы тәжірибесімен бөліссе, “Атамекен” кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған кәсіпкер әйелдер ассоциациясының төрайымы Жанна Аманова белсенді кәсіпкер әйелдердің қоғамның жаңа бағытта дамуына қосып келе жатқан үлесі зор екенін мақтанышпен жеткізді.

Сонымен бірге Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, “Сыр бойы” газетінің тілшісі Ғазиза Әбілдаева жастарды шығармашылыққа баулу жайына тоқталды. Ал, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі директоры Жақсыгүл Тоғанова мен аудандық білім бөлімінің басшысы Талғат Садықов колледжде даярланатын болашақ педагог кадрлардың кәсіби даярлығы мазмұнын жетілдіру мақсатында меморандумға қол қойды.

Аталған іс шараны Жасұлан Ерданұлы қорытындылап, халқымыздың жөн-жоралғысымен сый-сияпат жасап, құрмет көрсетті. Қонақтар Қ.Қазантаев атындағы аудандық мәдениет үйі жанындағы халық театры сахналаған “Жеңгетай” спектаклін тамашалады.

Тағы да оқыңыз: