Kyzylorda-news.kz. «Тұлпар мініп ту алған» байқауының Арал аудандық кезеңінде Шөміш ауылы №263 мектептің оқушысы Қарақат Көпберген жеңімпаз атанды. Алтыншы сыныпта білім алатын балауса қыз жыр жаттауды жаны сүйеді. Өзі де өлең жазуға талап қылып жүр. Тіпті, оқушылар арасында ақындар мүшайраларына да қатысып, жүлдеген атанып үлгерген.

— Батырлар жырына деген қызығушылығым ерекше. «Едіге батыр» жырын тамыз айынан бастап, бір жарым айда толық жаттап алдым. Сосын байқауға дейін қайталап, тиянақтадым. Бұған себепкер болған ұстазым әрі жетекшім Айнагүл Кузенова. Сол кісінің арқасында жырға қызығушылығым артты, — дейді Қарақат.

Зейіні мықты қаршадай қыз бұған дейін де ауданда өткен жыр кештерінің, шаралардың жеңімпазы.

— Қарақатқа 5-сыныптан бастап сабақ беріп келе жатырмын. Үздік оқушылар қатарында. Өз шығармашылығы бойынша аудандық, облыстық байқаулардың жеңімпазы. Эссе байқауларының жүлдегері, — дейді ұстазы Айнагүл Кузенова.

Қарақаттай тағылымды жыр оқып, ерінбейтін, оның сөздерін көңілге түйер жас ұрпағымыз көп болсын!

Тағы да оқыңыз: