Аймақ басшысы танымал тележурналист Жағыппар Қарабаланы мерейтойымен құттықтады – Kyzylorda News
Басты бет

Бізге жаңалық жіберіңіз: +7(702)702-76-00

Аймақ басшысы танымал тележурналист Жағыппар Қарабаланы мерейтойымен құттықтады

14.03.2020, 12:10

353 0

Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов облыстық «QYZYLORDA» телеарнасының директоры Жағыппар Қарабаланы  60 жасқа толған  мерейтойына орай  қабылдап, құттықтады.

Жағыппар Аманжолұлы 1960 жылы 5 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданында дүниеге келген. С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік, қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. Жоғары оқу орнын тәмамдап, 1982 жылы алғаш еңбек жолын Жезқазған облысында аудандық газеттен бастап, 1991 жылы Жезқазған облыстық «Сарыарқа» газетінің бөлім меңгеруші, 1992-1998 жылдар аралығында Қызылорда облыстық телерадиокомпаниясы түрлі қызметтер атқарып, 2005 жылдан бері «Қазақстан» РТРК» акционерлік қоғамының Қызылорда облыстық филиалының директоры қызметін абыроймен атқарып келеді.

Жағыппар Аманжолұлының БАҚ саласындағы еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағаланып, «Құрмет» ордені, ҚР Ақпарат саласының үздігі, ҚР Президентінің Алғыс хатымен, ҚР Тәуелсіздігіне – 15 жыл, Қазақстан Халқы Ассамблеясына – 20 жыл, ҚР Конституциясына – 20 жыл мерекелік медальдарымен, облыстың «Құрмет грамотасымен» марапатталған.

Облыс әкімі шарада мерейтой иесіне  Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев пен Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың құттықтау хатын табыстады.

Жағыппар Аманжолұлын мерейтойымен құттықтап, ыстық ықыласын білдіру үшін мемлекет және қоғам қайраткері Әбдіжәлел Бәкір, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Сәдуақас Аңсатов пен  ақпарат саласының өкілдері қатысты.

Аймақ басшысы Жағыппар Аманжолұлын мерейлі мерекесімен құттықтап, сый-сыяпатын көрсетті.

«Сіз іскер де білікті, ұйымдастырушылық қабілетіңізді танытып, абыройлы қызмет атқарып келесіз. Біз облыста журналистика саласының қарыштап дамуын, оның ішінде телевизияның өркендеп өсуін, заман талабына сай болуына әрқашан жан-жақты қолдау жасайтын боламыз. Сізді өзімнің және облыс тұрғындары атынан тағы да мерейтойыңызбен құттықтаймын. Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілеймін. Тойыңыз тойға ұлассын», – деді облыс әкімі Қ.Ысқақов.

0

Пікір қалдыру