Kyzylorda-news.kz. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан жемқорлыққа қарсы күрес мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Еліміз «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң қабылдады, бұл заң жобасы арқылы жемқорлыққа қарсы күрестің негізі принциптерін анықтап, жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтардың және оған байланысты жауапкершіліктің артылуының түрлері анықталды.

Сыбайлас жемқорлықтың мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін едәуір төмендететіні, қоғамда демократиялық қайта құруларды жүзеге асыруды тежейтіні, елдің халықаралық беделіне көлеңке түсіретіні белгілі. Ең бастысы – адамдардың қоғамның демократиялық негізіне деген сеніміне, заң мен әділдікке деген сеніміне, түптеп келгенде, билікке деген сеніміне кері әсер ететіні хақ.

Жасыратыны жоқ сыбайлас жемқорлықпен күрес бүгінде елімізде мемлекеттік маңызы бар түйткілді мәселеге айналды, себебі бұндай әрекеттің мемлекеттік қызметкерлер тарапынан көрініс табуы мемлекеттің дамуына кедергі келтіріп қана қоймай, қоғамда өкіметке, билікке деген сенімсіздік тудырады. Өкінішке орай, жең ұшынан жалғасын табатын, көз қысты-бармақ басты әдет әлі де болса қалмай келеді. Бұл дерт еліміздің дамуына, экономиканың өркендеп өсуіне өрескел кедергі келтіретіні даусыз.

Жемқорлыққа қарсы күресте барлық адамдар заң мен сот алдында тең. Жеке және заңды тұлғалардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру, сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылықтың зиянды зардаптарын жою, олардың алдын-алу және барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар өз құзіреті шегінде күрес жүргізу, яғни жемқорлықпен күресу – жалпыға ортақ міндет.

Сыбайластықтың тамырына балта шабылса, жемқорлықтың жолы кесілері анық. Сыбайластықты қоздырушылар – жерлестік, тамыр-таныстық байланыстар. Сыбайлас жемқорлықтың жылдан-жылға ұлғаюы аталған әлеуметтік кеселмен күресті күшейтуді қажет етеді. Сондықтан да, әрбір Қазақстан Республикасының азаматы сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуге міндетті.

Ғазиз АРУНОВ,

Жалағаш аудандық қазынашылық басқармасының бас маман-бас қазынашысы

Тағы да оқыңыз: