Kyzylorda-news.kz. Елордада Парламент Мәжілісінің жалпы оты­р­ы­­сы өтіп, онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саяси және әлеуметтік-экономикалық салалардағы өзекті мәселелерді шешу бойынша ауқымды баяндама жасады және жаңа Үкіметке нақты тапсырмалар жүктеді.

Президенттің мәлімдемесі кешегі қайғылы оқиғалардан есін енді ғана жиған халқымыздың ертеңге деген сенімін нығайтып, болашаққа деген үмітін жалғағандай болды. Мемлекет басшысының мәлімдемесінде нақтыланған міндеттер орын алған бірқатар мәселелерді шешуге бағытталғанын байқадық. Әсіресе Президенттің жастарға көңіл бөлуі бізді қатты қуантты. Ұлттың болашағы, мемлекеттің ертеңі біз секілді жастардың қолында екені сөзсіз. Олай болса олардың білім алуына, өмір сүруіне қамқорлық таныту – аға ұрпақтың бір парызы. Осы ретте Президент өзінің жастарға деген ағалық қамқорлығын көрсетуде деп ойлаймын. Әсіресе жас­тар арасындағы жұмыссыздықты жоюға назар аударуы, олардың бастамаларын қолдау төңірегінде айтылған міндеттер менің қатарластарымды, яғни, жастар өкілдерін қанаттандырғаны белгілі.

«Жұмыссыздық деңгейін түсіруге ерекше назар аудару керек. Әсіресе жастар арасында. Жоғары оқу орындарының, колледждердің түлектері, әсіресе, білімі жоқ жастардың тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігі әрдайым бола бермейді. Мұны біз жақсы білеміз. Кездейсоқ нәпақамен күн көріп жүр. Кейбіреулері табыс іздеп жүріп заңнан аттап кетуі мүмкін», – деген Мемлекет басшысы жастардың бас­тамаларына қолдау білдірудің жаңа тетіктері керек екенін атады. Сонымен қатар жастардың бастамасына берілетін гранттар құны 400 АЕК-ке дейін артатынын айтты.

Президент «Үкіметке «Жастар іс-тәжірибесі» және «Алғашқы жұмыс орны» жобаларына қатысудың мерзімін созып, еңбекақысын көтеру мүмкіндігін қарастыруды тапсырамын. Халықтың әлеуметтік осал тобындағы жастардың іскерлік бастамаларын іске асыруға жағдай жасау маңызды. Үкіметке тиісті гранттардың мөлшерін 2 есе – 400 айлық есептік көрсеткішке дейін көбейту жүктеледі», – деді.

Сондай-ақ, Президент 2025 жылға қарай елімізде беделді шетелдік бес жоғары оқу орнының филиалын ашуды тапсырды және оның екеуі техникалық бағытта болатынын да айтты. Бұл білімге құштар жастардың талабын шыңдауға, елде білікті жастардың көбеюіне үлкен септігін тигізетін оң бастама екені белгілі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс отырысында жастардың әскери борышын өтеуден қашатынын сынға алды.

Мемлекет басшысы өз сөзінде «Баса назар аударуды қажет ететін тағы бір мәселе бар. Көптеген жас азаматымыз Қарулы күштер қатарына әскери борышын өтеуден қашады. Әскери билетке ие болу жастардың мақтанышын тудырмайды және Отанға қызмет етудің белгісі саналмайтын болды. Армия қатарында қызмет ету, құқық қорғау саласында жұмыс істеу – айрықша миссия. Бұл Отан үшін жанын салуға бел буған азаматтардың саналы таңдауы. Жастарымызды әскери борышын өтеуге қалай ынталандыруға болатынын бүкіл қоғам болып ойластыруымыз керек» деген болатын.

Президенттің бұл сыны өте орынды. Әскерге бармайтын, әскери борышын өтеуден қашатын жас­тардан отансүйгіштік, елжандылық әрекет күтудің өзі қисынсыз деп ойлаймын. Сондықтан жастарға, қатарластарыма айтылған бұл сынды дұрыс қабылдаймын әрі сынды түзетуге атсалысуымыз керек деп білемін. Өйткені кешегідей ел басына күн туған қиын сәтте өз елімізді, жерімізді өзімізден басқа ешкім қорғамайды, өзімізден басқа ешкімнің жаны ашымасы анық.

Мағжан ЕРӘЛИЕВ,

«Абзал және К» толық серіктестігі директоры, «Сыр үміті»жастар қауымдастығының төрағасы

Тағы да оқыңыз: