Kyzylorda-news.kz. «Жасампаз жасақ»: Қызылордада ең көп дауыс жинаған бейнеролик иелері анықталды

Ұлы Жеңістің 75 жылдығын біз карантин жағдайында қарсы алдық. Алайда, бұл төтенше жағдай кезінде де бізге адамзат тарихындағы ең қорқынышты соғыста жеңіске жеткен әкелеріміз бен аталарымызды еске алуға кедергі келтірмеді.

Жеңіс күніне орай Қызылорда облысы әкімдігінің бастамасымен «Жасампаз жасақ» виртуалды акциясы бастау алды. Ұйымдастырушылар өңір тұрғындарын белсене қатысуға шақырды. Акцияның шарты бойынша фашизммен шайқасқан ардагер туыстары мен жақындары туралы бейнеролик түсіру қажет болатын.

Бірінші болып әкесі туралы естелікпен облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова бөлісті. Өңір басшысының бастамасын қолдаушылар да өз атасы, әкесі, жақындары жайында бейнероликтерін ұсынды. Түсірілген бейнероликтердің барлығы әлеуметтік желіде жарияланды. Нәтижесінде екі апта ішінде облыс әкімдігінің сайтында орналастырылған майдангерлер туралы жүздеген тарих жиналды. Ұнаған бейнеролик үшін дауыс беру бүгін 9 мамыр күні сағат 9:00-ге дейін жалғасты.

Ең көп дауыс жинаған ардагерлер туралы естеліктер:

Қалқабай Әбенов – жауынгерлік жолын Курск доғасында бастаған. Ол Висла мен Одерден өтіп, Варшаваны босатуға, Берлинді жаулап алуға қатысқан жауынгер. Соғыстан кейін журналист болып, 18 жыл бойы облыстық «Ленин жолы» газетінің бас редакторы қызметін атқарған.

Маханбет Бержанов – соғыстың көзі тірі куәгері. Ол небәрі 18 жасында майданға аттанып, ерлігі үшін бірнеше рет ордендермен және медальдармен марапатталған.

Бекбай Ақмамбетов – Украина мен Балтық жағалауын азат етуге қатысқан. Соғыс уақытында екі рет жарақат алған. Елге оралғаннан кейін туған жері Сұлутөбе ауылында еңбек еткен.

Олардың әрқайсысына бір жарым мыңға жуық адам дауыс берген. Бұл майдангерлердің туыстарына облыс әкімдігінен естелік сыйлықтар табысталады. Көп дауыс жинаған роликтер бүгін «QYZYLORDA» телеарнасының кешкі жаңалықтар шығарылымында арнайы сюжет ретінде көрермендерге ұсынылатын болады.

Тағы да оқыңыз: