Kyzylorda-news.kz.  Биыл республикалық «Жас Алаш» газетінің жарыққа шыға бастағанына 100 жыл толып отыр. Басылымның алғашқы саны 1921 жылы 22 наурызда Ташкент қаласында жарық көрген. Алғашқы саны араб қарпінің төте жазу үлгісімен жарық көрген газеттің тұңғыш редакторы Ғани Мұратбаев, жауапты хатшысы ақын Ілияс Жансүгіров болған.

«Жас Алаш» газетінің шығармашылық тобы – басылымның бас редакторы Қайрат Мәтіреков қоғам қайраткері, саясаткер Дос Көшім, бас редактордың орынбасары Сейсен Ұлықбеков , газеттің жауапты хатшысы Нұрымжан Мауытов, Қызылорда облысындағы меншікті тілшілері Миуа Байназарова және Нұрбек Дәуренбеков іс-сапармен өңірімізде болып, аудан активімен кездесті.

Жиынды аудан әкімінің орынбасары Бектемір Жұмағұлов жүргізіп, оқырман қауымның газетті өткірлігі мен батылдығы, жаңашылдығы мен тапқырлығы үшін сүйсіне оқитындығын айтып, кезінде Алаш арыстарының еркін ойларының мінберіне айналған газеттің беттерінде халқымыздың біртуар перзенттерінің айқын қолтаңбалары бар екендігін айтып өтті.

Одан соң сөз кезегін басылымның бас редакторы Қайрат Мәтіреков, қоғам қайраткері, саясаткер Дос Көшім, газеттің жауапты хатшысы Нұрымжан Мауытов алып «Жас Алаш» газетінің шығу тарихынан бастап, түрлі кезеңдерден өткен жолдары мен тарихи сәттеріне тоқталды.

Ұлтымыздың Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов, Мұхтар Шаханов, Фариза Оңғарсынова сынды қабырғалы қаламгерлері осы басылымда қызмет етіп, жазу өнерінің мәйегін бойына сіңірген.

Мұнан кейін Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» бірлестігінің Арал аудандық филиалының төрағасы, Жұмабай Жақып, Халықаралық Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Арал әлемі» газетінің редакторы Ерғали Абдулла, ардагер Әнес Әуезов сөз алып бұқаралақ ақпарат құралдарының қоғамдағы маңызы мен «Жас Алаш» газетінің ерекшеліктеріне тоқталып, ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.

Ауданға келген қонақтар Ә. Нұрпейісовтің Әдебиет үйінде болып, жазушының өміріне қатысты деректермен және шығармашылығымен танысты.

Тағы да оқыңыз: