Kyzylorda-news.kz. Жаңақорған ауданына Сырдария өзенінің жоғарғы ағысынан секундына 550 текше метр су келуде. Су деңгейі Келінтөбе магистралды каналы арқылы секундына 40 текшеметр, Сунақата каналынан секундына 6 текшеметр, Сумағар каналына 1,5 текшеметрді құрады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары Оңал Ержанов мәлімдеді.

«Бүгінгі таңда аудан бойынша егіс көлемі 36163 гектар. Биыл күріш дақылы 1346 гектарға қысқартылды. Келінтөбе, Сунақата, Сумағар каналдарымен 163 шаруашылық құрылымдары 7000 гектарға күріш дақылын егіп, суға бастыру жұмыстарын толық аяқтады», -деді Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары Оңал Ержанов.

Бүгінгі мәлімет бойынша Шардара су қоймасына секундына 70,3 текше метр су түсуде. Қоймадағы су көлемі 3925 млн. текше метр, ал қоймадан төменге секундына 200 текше метр су жіберілуде. Көксарай су реттегішіндегі су көлемі 644,4 млн. текше метр, төменге секундына 350 текше метр су жіберілуде.

«Шардара мен Көксарайдағы су көлемі 4569,4 млн. текше метр. Сырдария өзенінің төменгі ағысына секундына 550 текше метр су жіберілуде, бұл өткен жылдан 50 текше метрге кем. Қазір Қызылорда облысына секундына 555 текше метр су жіберілуде»,-деді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Оспанов.

Су тапшылығында заманауи ылғал сақтағыш технологияны пайдалана отырып, «Пазылбек Қажы» шаруа қожалығы 500 гектар жерге мақсары дақылын егіп, нәтижелі өнім алуды жоспарлауда. Жалпы ауданда әртараптандыру бағытында жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

Су тапщылығы жағдайының алдын алуға байланысты Жаңақорған ауданындағы Келінтөбе магистралды каналы және Сунақата каналдарына механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Бүгінде облыс бойынша каналдармен алынатын су көлемі жоспар бойынша 470,7 текше метр алынуы қажет болса, нақты алынып жатқаны 445,1 текше метр,-деді Қазсушар РМК Қызылорда филиалының су шаруашылығы нысандарын пайдалану бөлімінің басшысы Айдос Асанбаев.

Тағы да оқыңыз: