Kyzylorda-news.kz. 16-20 ақпан аралығында Жаңақорған ауданында «Саятшылық» құсбегілердің республикалық чемпионаты өтіп жатыр. Жарысқа он облыстан 70 құс пен 90 саятшы қатысады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асылжан Жаманқұлов мәлімдеді.

«Қазақ халқының саятшылық өнері – қызықты әрі қасиетті өнер. Жеті қазынаның бірі – ит пен құстың мінез-құлқы мен қасиетін жетік білетін нағыз саятшылар мен құсбегілердің жарысы тартысқа толы болмақ. Ұлттық спорттың дамуына ат салысып жүрген ардагер саятшы Әбдікәрім Түсей мен Алматы облысының ардагер саятшысы, ұлттық спорттың жанашыры Шаймардан Әден жарыстың қонақтары болады», – деді басқарма басшысы Асылжан Жаманқұлов.

Баспасөз конференциясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің аға жаттықтырушысы Базарбек Күнтуғанұлы мен ҚР Қыран Федерациясының президенті, ҚР құрметті спорт қайраткері Бағдатхан Мүптекеқызы саятшылық өнер туралы баяндап, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

«Ұлттық спорт мектептері барлық дерлік аймақта бар. Сол мектептерде құсбегілік өнері үйретіледі. 80 жылдары республика бойынша 15-16 ғана құсбегі болса, бүгінде 200-ге жуығы саятшылықтың қыр-сырын меңгерген. Бұрындары саятшылыққа тек бүркіт құсы қатысатын. Қазіргі таңда қыран құстың қатарына ителгі, қаршыға, лашын қосылды. Саятшылықтың қасиетін жас буынға насихаттау үшін осындай ауқымды шаралар ұйымдастыруымыз керек», – деді Бағдатхан Мүтепқызы.

Қазақ халқы саятшылықпен ежелден айналысып, киелі құс пен аңның бойындағы барлық қасиетін толық меңгерген. Жаңақорған ауданында болатын чемпионат жоғары дәрежеде өтетініне сенімдімін. Жарысқа қатысушыларға тек сәттілік. Киелі өнеріміз жандана берсін, – деді Базарбек Күнтуғанұлы.

Тағы да оқыңыз: