**[Kyzylorda-news.kz.](https://kyzylorda-news.kz/)** **Қазақстанда жаңа үлгіде шығарылған жүргізуші куәлігін алу міндетті болмайды. Бұл туралы бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында айтылды, деп хабарлайды** [**Stan.kz**](https://stan.kz/zhana-ulgidegi-zhurgizushi-kualigin-almasa-da-boladi-ak-324277/)**.**  ҚР ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы Юрий Козлов жаңа үлгідегі жүргізуші куәлігіне қатысты бірқатар сұраққа жауап берді.  > _«Жаңа үлгідегі жүргізуші куәлігі бұрынғысынан аса ерекшеленбейді. Қазіргі қолданыстағы реквизиттер жаңасында да бар. Біздің мақсат – қолдан жасалған көшірмеден сақтандырып, сапасын арттыру. Чипті визуалды түрде жақсы көрінуі үшін алдынан артқы жағына ауыстырдық. Оны әзірлеу әдісі де басқаша болды. Бұрын-соңды болмаған техниканы қолданамыз. Бұл өз кезегінде жүргізуші куәлігінің сапасын арттыруға көмектеседі», – деді Юрий Козлов орталық коммуникациялар қызметінің кулуарында._   Спикердің айтуынша, бұрыннан бері қолында куәлігі барлар жаңа үлгідегі куәлікті алуға міндеттелмейді. Мұны қолданыстағы жүргізуші куәлігінің мерзімі аяқталған соң жүзеге асыруға болады.  > _«Осы уақытқа дейін бұл өзгеріс бюджеттен қосымша шығынды талап етеді деген болатын. Алайда бұл – жалған. Барлығы қазіргі қаржыландыру есебінен жүзеге асады. Яғни оған қосымша ақша бөлінбейді. Мұнымен қатар, жүргізуші куәлігінің құны еш өзгермейді. Чиптегі жады көлемі ұлғайтылып, соған көптеген мағлұматты сыйғыза аламыз. Мысалы – саусақ ізтаңбасы мен биометриялық параметрлер. Қазіргі күні бұл қаралып жатыр», – деді әкімшілік полиция өкілі._  Естеріңізге сала кетсек, ішкі істер министрлігі Қазақстандағы жүргізуші куәлігінің жаңа үлгісін шығаратынын хабарлаған болатынбыз.