Жанар Дәулетбаева: «Еңбек» бағдарламасына қатысушыларға материалдық көмек беріледі – Kyzylorda News
Басты бет

Жанар Дәулетбаева: «Еңбек» бағдарламасына қатысушыларға материалдық көмек беріледі

24.09.2021, 17:40

232 0

Kyzylorda-news.kz. Мемлекет басшысы өз Жолдауында әлеуметтік-еңбек саласы бойынша бірқатар атқарылуы тиіс тапсырмаларды атап өтті. Басымдық берген бағыттардың бірі − ең төменгі жалақы мөлшерін 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге дейін арттыру. Облыста жыл басынан бері тоғыз мыңнан аса адам ең төменгі жалақы мөлшері бойынша қоғамдық жұмыспен қамтылғанын ескерсек, бұл аймақ азаматтарына үлкен қолдау болмақ.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Жанар Дәулетбаева Жолдаудан туындайтын міндеттерді және алда атқарылар жұмыстарды баяндады.

«Ел Президенті биылғы Жолдауында көші-қон процестерінің еңбек нарығын күшейтуге әсерін атап өткен болатын. Осыған байланысты көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасын әзірлеу тапсырылды. «Еңбек» бағдарламасына қатысушыларға және олардың отбасы мүшелеріне 75 АЕК мөлшерінде материалдық көмек беріледі. Бұл көмектер қоныс аударған азаматтарға тұрғылықты жерге келгеннен кейін ғана беріледі. Жаңа бес жылдық кезеңге арналған жобада оңтүстіктен солтүстік өңірлерге ішкі ынтымақты арттыру үшін қолайлы жағдаймен қамтамасыз ету басты міндет болып саналады», – деді Жанар Жұмабекқызы.

Сонымен қатар «Еңбек» бағдарламасы аясындағы атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Айтуынша көші-қон жұмыстары еңбек нарығына үлкен әсер етуде. Жалпы 2017 жылдан бері 730 отбасы солтүстік өңірлерге қоныс аударған. Ал биылғы жылы теріскейге 57 отбасы көшіп барды.

Келесі кезекте Жанар Дәулетбаева 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында азаматтарға 60 мың теңге көлемінде жалақы берілетіндігін атап өтіп, биылдан бастап іске қосылған жаңа жобаларға да тоқталды.

Бұл «Ұрпақтар сабақтастығы» және «Алғашқы жұмыс орны» деп аталатын жобалар. «Ұрпақтар сабақтастығы» бағдарламасы 18 айға ұйымдастырылса, екінші жоба ешқандай еңбек өтілімі жоқ жас мамандарға арналған. Ол екі жылға жоспарланған.

Жалпы халықты жұмыспен қамту бойынша статистикалық деректерге сүйенсек, осы жылы аймақтағы жұмыс күшінің саны – 344,1 мың адамды құрады. Жұмыспен қамту деңгейі – 61 пайыз. Сондай-ақ өңірде 22 475 жаңа жұмыс орындары ашылған. Оның 60 пайызы тұрақты жұмыс орындары. Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы шеңберінде 1400 ге жуық жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 6 жоба мақұлданды. Жобаларды жүзеге асыру барысында 90 пайыз жұмысшы күші жергілікті жерден алынып, орташа есеппен 85 мың теңгеден жалақы төленді.

0

Пікір қалдыру