Kyzylorda-news.kz. Нұр-Сұлтан қаласындағы №2 көпбейінді қалалық ауруханасы отбасын жоспарлау орталығының гинеколог-эндокринологы Айгүл Мұсабаева «экоға» қатысушылардың жас шектеуіне қатысты өзгерістерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша бала сүюге кімнің мүмкіндігі бар? Бұл бағдарлама бойынша жасанды жолмен ұрықтандыру әдісін бала сүюге үмітті, репродуктивті жастағы кез келген жұп пайдалана алады. Консервативті жолмен емдеу нәтиже бермейтін бедеулік диганозы қойылған пациенттерге арналған. «Экоға» отбасылық жұптар да, жалғызбасты әйелдер де қатыса алады. Қазақстан азаматы болу және пациенттердің міндетті медициналық сақтандыруы болу керек», – деген маман медициналық сақтандыру жүйесінде «экоға» қатысушылар қандай критериймен іріктелетінін айтты.

«Ең бірінші репродуктивті жастағы пациенттер, ерлер факторына байланысты бедеулік, әйелдің жатыр түтікшелерінің екеуі де бітелген жағдайда немесе отамен алынған кезде хирургиялық гистероскопия, лапароскопия, ем-шара нәтижесі болмаған кезде «экоға» жүгіне алады. Гормоналды емдеу нәтижесіз болған бедеулік түрі де «экоға» жатады. Жоғары технологиялардың бәрін пайдаланса да, бір жылдан аса бала көтере алмаудың белгісіз генезі де «эко» жасатуға негіз болады. Жамбас мүшелерінің эндометриозына байланысты бедеулік те «экоға» жатады», – деді гинеколог-эндокринологы.

Маманның мәліметі бойынша, экоұрықтандыруға қатысатын әйелдердің жасына қатысты шектеу алынған.

«Денсаулық сақтау министрлігінің №272 бұйрығы бойынша квота беру мүмкіндігі кеңейді. Бұрын үміткерлердің жасы 42 жасқа дейін шектеулі болған. Жаңа бұйрық бойынша әйел репродуктивті жаста болуы керек. Осы аталған көрсеткіштер бұрынғы бұйрықта болмаған. Сондықтан бұл «экоға» үміткерлердің санын арттырады», – деді Айгүл Мұсабаева.

Тағы да оқыңыз: