Жалағаштың Таң ауылында жоғалып кеткен балалар табылды – Kyzylorda News
Басты бет

Жалағаштың Таң ауылында жоғалып кеткен балалар табылды

21.04.2020, 15:20

1790 1

Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы Жалағаш ауданына қарасты Таң ауылында полицейлер жоғалып кеткен 7-8 жастағы екі баланы ата-аналарына тауып берді.

Екі бала есік алдына түскі уақытта ойнауға шыққан. Содан кейін ата-аналары олардан хабарсыз қалған. Бұл жөнінде полицияға хабарланды. Аудандық полиция бөлімі тарапынан арнайы топ құрылды.

Алғашқыда балаларды ата-аналарының өздері іздеген. Полицияға жергілікті уақытпен сағат 23:00 шамасында хабарласқан. Учаскелік полиция инспекторы Нұрбек Сариев, арнайы топ мүшелерінің қатысуымен балаларды іздестіру жүргізілгендігін айтты.

«Аудандық полиция бөлімі тарапынан құрылған топ мүшелері балаларды түнгі сағат 03:00 шамасында Шіркейлі каналының тұсындағы шабындық ішінде ұйықтап жатқан жерінен тауып алды. Оларды ата-аналарына аман-есен табыс етті. Екі баланың ата-аналарына төтенше жағдай кезіндегі карантин режимінің талаптарын сақтамағаны үшін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 476-бабының 6-бөлігімен әкімшілік хаттамалар толтырылып, жинақталған құжаттар аудандық сотқа жолданды. Мұндай келеңсіз жағдай орын алмас үшін олармен профилактикалық түсіндіру жұмыстар жүргізілді», – деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.