Жайық Әлішев: Газ құбырлары тексеруден өткізіліп жатыр – Kyzylorda News
Басты бет

Жайық Әлішев: Газ құбырлары тексеруден өткізіліп жатыр

24.06.2022, 16:52

237 0

Kyzylorda-news.kz. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалы алдағы жылыту маусымына нысандарды дайындау барысымен таныстыру үшін журналистерге арналған пресс-тур өткізді.

Газ саласының алдағы жылыту маусымына деген дайындық жұмыстары «QazaqGaz» ҰК» АҚ басшылығының ерекше бақылауында, сондықтан алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық өткен жылыту маусымы аяқтала сала басталды.

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалы облыс бойынша 2 336 км газ құбыры мен құбыр бойындағы нысандардың қалыпты жұмыс істеуіне жауапты.

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалы директорының бірінші орынбасары Жайық Әлішевтің айтуынша, бүгінге дейін күзгі-қысқы кезеңге дайындық жоспары 56% – ға орындалған.

«Осы дайындық жұмыстары толық аяқталған соң облыстағы 125 284 абонент алдағы жылыту маусымында алаңсыз газ тұтына алады. Бүгінгі күні ескірген, қисайған, майысқан құбырларды жөндеп, сыры кеткен жерлерін қайта бояудан бастап, жер үстіндегі және жерасты газ желілерінің тұтастығын тексеру және жөндеу, газ құбырларындағы жабдықтың жай-күйін зерттеу мен ауыстыру сияқты техникалық жұмыстардың 21 түрі орындалып жатыр», – деді Ж.Әлішев.

Бұдан бөлек, газға қатысты түрлі апаттық жағдай орын ала қалса, тиісті мамандардың қалай қимылдау керектігі бөлек пысықталуда. Бұл орайда техника мен газ мамандарының жұмыстарды орындауға дайындығын тексеру мақсатында арнайы оқу – жаттығу сабақтары өткізілді.

«Жылыту маусымына дайындық жұмыстарының жоспары кестеден ерте орындалып келеді. Техникалық жұмыстардан бөлек, облыс әкімдігінің тапсырысы бойынша салынып жатқан газ құбырларына да лайықты бақылау жүргізіліп келеді. Биыл жыл соңына дейін облыстағы тағы 5 елдімекенге газ жеткізіледі. Оларға көгілдір отынды апаратын газ құбырларының құрылысына «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалы тиісті бақылау жасауда. Бұл – жұмыстың сапалы жасалыуына септігін тигізбек», – деді ҚӨФ өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы Нұрлан Құрманбаев.

Газ мамандары жоспарлы жұмыстан бөлек, газ бен газ жабдықтарын пайдалануда қауыпсіздік шараларын сақтау керектігін үнемі ескертіп отырады. Филиал мамандары елдімекен көшелерін күнделікті аралап, газ қауіпсіздігі туралы жадынамаларды үй-үйге таратады. Бұл жұмыс өте ауқымды болғанымен, абоненттерге жадынама беру арқылы, газ тұтынуды қауыпсіз етуге көмектеседі.