Жағымды жаңалық серпін берді – Kyzylorda News
Басты бет

Бізге жаңалық жіберіңіз: +7(702)702-76-00

Жағымды жаңалық серпін берді

13.12.2019, 11:40

411 0

Kyzylorda-news.kz. Мемлекет басшысы Жастар жылының жабылу және Волонтер жылының басталу салтанатына қатысып, орамды ойларын ортаға салды. Келер жылы нақты атқарылатын шараларды айтты. Көңіл қуантатын жаңалықтарды естіп, біз жастар Президентті қызу қуаттайтынымызды білдіргім келеді.

«Жоғары оқу орындары студенттерінің стипендиясын арттыру өзекті мәселелердің бірі екенін білемін. Бұл мәселеге көңіл бөлінбей қалды. 2016 жылдан бері стипендия көбейген жоқ. Сондықтан студенттерді қолдау үшін 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап бакалавриат, магистратура мен докторантурада оқитын студенттердің стипендиясын 25 пайызға өсіру жөнінде шешім қабылдадым. Бұл жалпы 130 мыңға жуық адамды қамтиды. Мұндай қолдау колледж студенттеріне де көрсетілетін болады», деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы Волонтер жылының міндеттері туралы айта келіп, бірнеше негізгі бағыттарға назар аударуды ұсынды. «Сабақтастық» жобасы аясында еріктілер балалар үйінің тәрбиеленушілерін өз қамқорлықтарына ала алады. «Саулық» бағыты бойынша медициналық волонтерлік дамиды, олар ауырған адамдарға жәрдем көрсетеді. «Таза әлем» жобасы қоршаған ортаны қорғауға бағытталған. «Асыл Мұра» бағыты еріктілерді материалдық және рухани, мәдени-тарихи мұраларды сақтау жұмыстарына тартады. «Қамқор» бастамасы қарттар үйіндегі еріктілер жұмысын қамтамасыз етеді. «Білім» жобасы ауыл мектептеріндегі жоғары сынып оқушыларын ҰБТ-ға дайындау жұмыстарына, ағылшын тілін үйретіп, компьютерлік сауаттылықты жетілдіруге көмектеседі. «Үміт» жобасы бойынша еріктілер Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 75 жылдығы аясында отандастарымыздың ерлігін баяндайтын құжаттарды іздестірумен айналысады.

Президент волонтерлікті ұлттық масштабта ғана емес, әрбір қала мен ауылда дамыту керек деп санайды. Сонымен қатар ұжымдық волонтерлікті өркендетуге мемлекеттік аппаратты да, ұлттық және ірі компанияларды да атсалысуға шақырды.

Гүлзинат АЛДАМБЕРГЕНОВА,

Қорқыт Ата атындағы ҚМУ 2 курс докторанты

0

Пікір қалдыру